СҚО-да оқушыларын жеке көлігіне мінгізіп жарысқа апара жатқан мұғалім жол апатынан қаза тапты
Солтүстік Қазақстан облысында жол апатынан қаза тапқан педагогтың өліміне қатысты тергеу басталды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі демалыс күні 4 оқушысын жеке көлігімен жарысқа апара жатқанда апатқа ұшыраған. Ұстаз сол жерде жан тапсырса, ауыр жарақат алған 2 бала әлі ауруханада жатыр. Ал мектеп басшылығы мен білім бөлімі бапкердің неліктен шәкірттерін жеке көлігіне мінгізіп, алыс сапарға шыққанын түсіндіре алмай отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
18.10.2016
Сол күнгі сұмдықты 9 сынып оқушылары ешқашан ұмыта алмайтын шығар. Ауылдарынан 400 шақырым жердегі ауданда қазақша күрестен өтетін сайысқа олар бір күн бұрын баруы тиіс болған екен. Жатын орынға қаражат бөлінбегендіктен мұғалімдерінің көлігімен таң сәріден жолға шығыпты. Алайда машинада балалар шырт ұйқыға кеткенде апатқа ұшыраған.
Мәди Бекенов, 9 сынып оқушысы:
-Шошып ояндым. Сосын достарымды шығардым. Көмектестім. Үш машина өтті, тоқтаған жоқ. Сосын жедел жәрдем шақырдым. Әкеме хабар бердім.
Оқиға болған күні жаңбыр артынан қар жауып, тас жолдың кейбір бөлігін көктайғаққа айналдырыпты. 46 жастағы Руслан Өркешев ескі Фольксвагенінің тізгініне ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Сол жақтан келе жатқан Лада Приора тура жүргізуші жақтан соққан екен. Мұғалім сол жерде тіл тартпай кетіпті. Жарақат алған екі оқушы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Ал марқұм педагогтың неге жеке машинасымен шәкірттерді жарысқа әкеткенін мектеп директоры түсіндіре алмай отыр.
Аслан Тілеубергенов, Ленин орта мектебінің директоры:
- Кім білдібұлай боларын. Негізі мектепте техника бар. Техникалық жағдайы да жақсы.
Қатты жарақат алған екі оқушы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылыпты. Жағдайлары ауыр дейді дәрігерлер. Ал үсті-басы көгерген Мәди Бекенов пен Артем Ваиль үйлеріне оралғанымен, оларға психологтың көмегі қажет.
Ғалия Бекенова, оқушының анасы:
-Менімен сөйлеспейді. Жауап қатпайды.
Аудандық білім бөліміндегілер де өздеріне шаң жуытпай, азар да безер. Айтуларынша, жолға шығардан бұрын марқұм Руслан Өркешев жатын орынға 10 мың теңге мен 60 литр бензинге талон алып кетіпті.
Бауыржан Аманжолов, Аққайың аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Бұйрық жарысқа қатысуға деп шығарылды. Онда көлік жөнінде де айтылған. Кімге жауапкершілік жүктелетіні бәрі көрсетілген. Қаражат бәрі берілген.
Қазір бұл оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Облыстық білім бөлімі де болған оқиғаны жіті тексеріп жатыр. Талап бойынша, мұндай шараларға балалар тек тәртіп сақшыларының бақылуымен және арнайы көлікпен жолға шығу керек. Алайда оқушылардың айтуынша, бапкер көлік алғалы жарыстарға тек соның машинасымен қатынап жүріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!