Қарағандыда үй өртеніп ондаған отбасы далада қаңғып қалды
Қарағандыда 8 пəтерлі үй өртенді. Құдай сақтап тұрғындар түгел баспаналарынан шығып үлгерген. Бірақ тозығы жеткен ескі ғимарат түгі қалмай жанып кетті. Енді осы үйді паналап келген, үлкенді-кішілі 20-дан астам адам қыстың көзі қырауда далада қалып отыр.
Автор: Саят Сабдалы
19.10.2016
Өрт түнгі сағат он бірлер шамасында тұтанған. Қызыл жалын алғашында ғимараттың шатырына шапшып, 300 метр аумаққа түгел тарапты. Апат орнына 50 өрт сөндіруші 12 техникасымен жеткеніме,н ағаш үй толығымен жанып кетті. Түндегі жайттан жүрегі шайлығып қалған Сәлима Оразованың сөйлеуге шамасы жоқ . Тек көз жасына булығып пәтерінің қазіргі сиқын ымдап көрсеткендей болады.
-Өрт мынау монша тұрған жерден басталған. Сондықтан сонау1956 жылы тек ағаштан ғана салынған ғимарат қызыл жалынға әп сәтте ораныпты. Келіп жеткен өрт сөндірушілер де отпен ұзақ алысыпты.
Кепкен ағашты шырпыша жайпаған өртті ауыздықтауға 2 сағатқа жуық уақыт кеткен. Қайта көршілердің бірі тұтанған өртті байқап тұрғындарды тегіс құлақтандырыпты.
Анотолий Немкович, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Моншаның мына тұсынан басталған өртті терезеден байқадым. Көршілердің есігін қағып ескертіп үлгердім тек қана. 5 минуттың айналасында бала-шағаны алып, қашып шығуға ғана шамам жетті.
Ал Анатолий Аглиулин түнгі күзеттен алып ұшып жеткенде үйге кірмек түгілі таяқ тастам жерге жақындай алмаған. Әйтеуір, құжаттарын өрт сөндірушілер алып шығыпты. Аман қалған дүниесін бір қапқа жинап, кетіп бара жатқан жағын өзі де білмейді.
Анатолий Аглиулин, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Қаңғырып қалдым. Бір ай бұрын қайтыс болған әпкемнен өзге туысым да жоқ. Таныстардыкіне сұранып көрем, кіргізбесе жылы құбырлардың бірін паналармын.
Бала-шағаны есептегенде 20-дан аса тұрғынның барлығы туыстарын жағалап, жан-жаққа кеткен. Өрт сөндірушілер әзірге өрт себебін анықтап жатырмыз дейді. Ал баспанадан қағылған жұртқа көмек туралы әзірге сөз жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!