Жамбыл облысында жұрт газ тартуға берген ақшасын таппай қалды
Жамбыл облысындағы екі бірдей ауыл тұрғындары газ тарту ісімен айналысатын компанияға алдандық деп отыр. Айтуларынша, көгілдір отынды былтыр тартып беруге уәде етіп, елден ақша жинап кеткен мердігер жұртты сол күйі тас қаптырған. Енді елді-мекенге газ тартылмақ түгілі, бұқара берген ақшаларына қол жеткізе алмай зар жылап отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
19.10.2016
Ауыл ағайындарымен өткен жиында аудан басшысының өзі мердігерді арнайы таныстырған болып шықты. Әкім ұсынған компанияға имандай сенген ел газ құбырын жүргізуге келіскен. Сөйтіп екі ауылдан жалпы саны 70 -ке жуық түтін ақша жинап беріпті.
Қырықбай Мұсаев, Сұлутөр ауылының тұрғыны:
- «Қордай газинвест» мекемесінің есеп бөлімі бар. Сол жерге барып, келісім-шартқа отырып, сол жерге төлеп, бәрінің қолында келісім-шарты бар. Төлеген ақшаның чек, түбіртегі бар.
Жиырмадан астам үй тек он пайызын төлесе, қалғандары 250 мыңнан толық ұстатыпты. Мердігер ақысын ерте бергендерге жеңілдік бар деген соң, тұрғындар мүмкіндікті жібермеуге жанталасқан. Алайда несие алып, күні бұрын есеп айырысқандар ұтпақ түгілі керісінше еселеп шығынға батты.
Күлпән Қоңырбаева, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны:
-Балаларға бой бермей несие алып, кәрі басымызбен төледік. Бұған мен 400 мың теңге төледім. Газы да, түгі де жоқ.
Сөйтіп, келісім-шартқа тұрғанша ауылдан шықпай елді үгіттеген компания өкілдері қазір ізім-ғайым жоғалған. Аудандағы бас кеңсеге мән-жайды анықтауға барғандар да тауы шағылып қайтыпты.
Шарипа Толысбаева, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны:
-Ауыл ақсақалдары Гумаровтың алдынан өткен екен. Не қыласың газды деп шығарып салды.
Ал «Қордай ГазИнвест» серіктестігінің басшысы жұртқа тырнақ астынан кір іздемей, керісінше қолдау көрсетуін сұрап отыр. Айтуынша, тау бөктеріндегі қос ауылға газ тартуға бірде бір компанияның жүрегі дауаламайды. Тек өзі осы іске тәуекел етіпті. Тіпті елден жинап алған ақшасын қайтарып беруге де әзір. Алайда оған сот шешімі қажет.
Арман Гумаров, «Қордай ГазИнвест» ЖШС бас директоры:
-Ауыл болып « газ керек емес» деп айтсын. Сот арқылы маған шешім шығу керек. Сол шықса мен әкімге алып барып айтамын, мына ауыл газ тартқысы келмейді деп.
Гумаров мырза осылайша айды аспанға бір-ақ шығарды. Яғни абдырап қалған жұрт ақшаны қайтарғылары келсе сотқа шағымдану керек. Егер газ қажет деп тапса, онда кемі тұрғындардың 80 пайызы келесім-шартқа тұрып, қаржыны толық төлеулері қажет екен. Бірақ соның өзінде көгілдір отынның екі жылда жетпейтіні белгілі болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!