Алматыда жолға таласқан жолаушылар автобусы дүкенге кіріп кетті
Алматыда жолаушылар автобусы бірнеше жеңіл көлікті қағып өтіп, дүкенге кіріп кетті. Қайта бұл кезде сауда орнының ішінде ешкім болмаған. Десе де, осы апатқа ұшыраған автобустың жолаушылары мен соғылған көліктегілер, жалпы саны 6 адам жараланды. Автобус жүргізушісінің тіпті екі аяғы сынған. Ол соғып өткен жеңіл көліктердің бірі – «Нексияның» иесінің де жағдайы ауыр. Ал бұл оқиғаға кінәліні табу қиын болатын түрі бар. Өйткені куәгерлердің бірі апатқа басқа көлік себепкер десе, енді бірі автобустың өзі жарысқанын айтады.
Автор: Аруна Ортай
19.10.2016
Аялдамаға асыққан жолаушылар дүкеннен бір-ақ шығамыз деп ойламағаны анық. Қатты соққыдан шағын дүкен жартылай опырылыпты. Ал тізгінде отырған жүргізушінің екі аяғы да сынып, есінен танып қалған.
Ал кондукторы болса, әлі есін жия алмай жүр. Екі аяғы бірдей сынған автобус жүргізушісі оның туған ағасы екен. Келіншектің айтуынша, қоғамдық көлік кесте бойынша келе жатқан. Кенеттен алдын басқа көлік кесіп өтіп, автобусты аударып жібере жаздапты.
Халида Қасымова, кондуктор:
-«Нексияның» жүргізушісі кінәлі! Ол Сейфуллинадан жоғары келе жатқанда бізді соқты! Біз мынау талды соқпай, солмен мына жерге кіріп кеттік біз.
Қарсы бағытта келе жатып бұрылды деген «Нексияның» да сау тамтығы қалмапты. Қазір екі жүргізуші де аса ауыр жағдайда аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Виктория Тян да автобус астында қала жаздаған. Дүкен сатушысы қайта, бұл кезде дәретханаға шығып кетіп, аман қалған.
Виктория Тян, дүкен сатушысы:
-Тоңазытқыштың қасында отырдым. Небәрі 1-2 минутқа тысқа шыққаным сол еді, гүрс деген дауыс естілді. Егер шықпағанда автобустың астында қалушы едім, құдай сақтап қалды.
Автобус дүкеннің алдында қаңтарылып тұрған көліктерді де оңдырмай соққан. Бұл оқиға үшін қоғамдық көлік тиесілі №4 парк басшылары жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені жолаушы тасыған екі бірдей автобустың жолға таласқанын көргендер бар. Бірі жолдан өтіп кетсе, енді бірі үлгере алмай қалған көрінеді. Оқиғаның ақ-қарасын полиция анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!