Елімізде террористерге бөлек түрме салу ақыры қағаз күйінде қалды
Елімізде террористерге бөлек түрме салу қайта көтеріліп жатыр. Лаңкестігі үшін сотталғандарды басқаларға қоспауды Ішкі істер министрлігі 2011 жылғы Тараз бен Атыраудағы сойқаннан кейін ұсынған болатын. Алайда, бастама сол қағаз күйінде қалды. Енді Ақтөбе мен Алматыдағы қырғыннан кейін бұл іске депутаттар қосылып, арнайы түзету мекемесін салуды тездетуді талап етуде. Себебі дінінен адасқандар қауіпті ілімін түрмеде таратып, басқа жазасын өтеушілерді қатарына қосуы әбден мүмкін.
Автор: Жәудір Оразхан
19.10.2016
Депутаттар екі айдан бері «Терроризм» туралы заңды қарап жатқандықтан болар, соңғы кезде жалпы отырысқа жиналған сайын міндетті түрде лаңкестердің мәселесін көтеріп жүр. Мәжілісмендер бұған дейін содырларға жазаны барынша қатайтудың жолдарын қарастырып бас қатырса, енді оларға бөлек түрме салуды кешеуілдеткен Ішкі Істер министрлігін сынға алды.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
-Оларды түрмедегі жазасын өтеушілерден аулақ ұстауымыз керек. Өйткені абақтыда жан-жағындағыларды үгіттеп, қатарына қосады. Сондықтан, арнайы түрме немесе абақты ішінен бөлек аумақ бөлінуі қажет.
Қазір еліміздегі абақтыларда лаңкестігі үшін сотталған 500 адам өзге де істі болғандармен бір камерада отыр. Мәселен, Алматыда сойқан салған Руслан Күлікбаев түрмеде сәләфиттермен байланысы болған екен. Екі рет сотталған ол бостандыққа жіберілген соң да тыныш жүрген жоқ. Ал былтыр Күлікбаев сияқты тура жолдан тайған 700 сотталаушы бостандыққа шыққан.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
-Кейбір экстремистік ұйымдар мемлекеттік мекемелерден де жақсы жұмыс істейді. Олар түрмеден шыққан жақтастарына барлық жағдайды жасайды: үй, жұмыс, тіпті отбасын құруға да көмектеседі.
Сондықтан, дінінен адасқандардың түрмеден кейінгі өмірін де жіті қадағалайтын заң керек. Ал терроризмі үшін сотталғандарға бөлек абақты салуды Ішкі Істер министрлігі бірнеше жылдан бері айтып келе жатқанымен, соңын сиырқұйымшақтандырып жіберді. Тіпті лаңкестерге арналған темір тор Қарағандыдан бой көтеруі тиіс болатын. Күні кеше Ақтөбеде қырғын салған террористердің соты басталғанын ескерсек, олар да үкім шыққан соң топ-тобымен кәдімгі түзету мекемелеріне аттанып, өз идеологиясын жүргізбесіне кепіл жоқ. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптан соң төменгі палата бүгін маңызды заңды қабылдады. Енді елімізде педофилдің құрбаны болған бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге өтемақы төленетін болды. Ол үшін Қаржы министрлігі арнайы қор құру туралы заң әзірлепті.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Сексуалдық зорлық-зомбылық көрген кәмілеттік жасқа толмаған ұл мен қызға, адамды саудаға салғандар мен қорлағандардың құрбаны болғандарға 63.630 теңге, денсаулығына ауыр зақым келгендерге 84.840 теңге, ал жәбір көрген адам қайтыс болып кеткен жағдайда оның мұрагеріне 106050 теңге төленеді.
Ал мұндай өтемақы соттың үкімі немесе шешімі шыққанға дейін алғашқы көмек ретінде беріледі. Бұл ақшаны емделуіне немесе психологтың кеңесін алу үшін жұмсауына болады. Тек арыз берушінің жәбір көргені расталса болғаны. Екі жылдан соң құрылатын қорға қаржы күдіктілерге салынған айыппұлдан жиналмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!