Алматыда ұлағатты ұстаз Әлия Дүйсенованы еске алу кеші өтті
Ұстаздың ұлағаты мәңгі. Бүгін Алматыдағы №12 мектепте саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Әлия Дүйсенованы еске алу кеші өтті. Халық ағарту ісінің үздігі, Ленин ордені иегерінің туылғанына биыл жүз жыл толған.
Автор: Олжас Байжан
20.10.2016
50 жылдан артық ұстаздық еткен Әлия Дүйсеновадан сабақ алған оқушылары бүгін жиналып, сүйікті мұғалімін еске алды. Олардың ішінде әдебиет және мәдениет алыптары жетерлік. Қазір өнер қайраткерлеріне айналған ақын-жазушылардың біразына әдебиет пен өнер әлемінің есігін ашқан дәл осы Әлия апай болыпты. Мектеп оқушылары шәкірттердің хатынан үзінді оқып, сахнада көрініс қойды. Одан бөлек жылдар бойы мұрағатта болған суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Ал ұлағатты ұстаздың бала тәрбиесіне арнаған бірнеше кітаптары бүгінде баға жетпес қазынаға айналған.
Сарқыт Жантелеева, Әлия Дүйсенованың шәкірті:
– Әлия апай барлық балалардың неге бейім екенін, соны ары қарай дамыту үшін бағыт-бағдар берді. Біздің өмірдегі өз орнымызды табуға бірден-бір көмек жасаған кісі болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!