Маңғыстау облысында оқушылар халал әтірден жаппай уланып қалды
Маңғыстау облысында халал әтірдің сатылуына тиым салынуы мүмкін. 6 оқушыны есінен тандырған мисктің құрамы қазір зерттеліп жатыр. Екі күн бұрын Шетпе ауылында қайғылы жағдай бола жаздағанын айта кетейік. Қол-аяғы дірілдеп, басы ауырып, өзін әлсіз сенінген алты жеткіншек аурухана түскен еді. Болжам бойынша, шәкірттер сыныптастарының бірі әкелген «мұсылман иіс суынан» уланған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
20.10.2016
Күні кеше ауруханадан емделіп шыққан оқушыларға дәрігерлер мектепке баруға рұқст беріпті. Уланып қалған 6 бала болған жағдайды қорқынышты түстей еске алады.
Жанерке Ахметқызы, 6 сынып оқушысы:
-Мен апайдың қасына дәптерді апаруға барғанда духидың иісі сол жерден шығып тұрды. Мен орныма келген уақытта басым айналып, бір түрлі болдым. Содан кейін мені мейірбикеге апарды.
Жас ағзаны әлсіретіп, шетінен топырлата құлатқан «мұсылман әтірі» екені белгілі болды. Яғни, мисктің қош иісіне құмар Гүлімай Дүйсен оны сыныпқа әкелген. Бірақ мұндай сұмдық жағдай боларын білмедім дейді.
Гүлімай Дүйсен, 6 сынып оқушысы:
-Ағам маған әкеп берген болатын. Иісі ұнағандықтан үйден өзім сеуіп шыққан болатынмын. Сабаққа келгенде балаларға иіс әсер ете бастады.
Мүңкіген иіс сыныпты түгел жайлап, дәлізге де тарай бастаған. Оқушы тұрмақ мұғалімнің өзі есінен танып қала жаздапты. Қайта олар дереу терезелерді ашып, бөлмені желдетіп үлгерген.
Қалжан Еңсегенова, Шетпе ауылдық орта мектебінің директоры:
-Иіс өте қатты көп мөлшерде болғаннан бастары ауырып, көздері қызарған.Сосын жәрдем шақыруға тура келді.
Иіс тиіп ауруханаға шұғыл жеткізілген шәкірттерге де дәрігерлер уақытылы ем-дом жасаған. Әйтпесе, қайғылы жағдай болуы да мүмкін екен. Ақхалаттылар олардың улы заттан зардап шеккенін растады. Қазір санэпидемиолог мамандар әтірдің құрамын тексеруге кіріскен.
Дина Ашықбаева, Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы:
-Тексеру нәтижесінде анықталғаны, духи пайдаланған парфюмерия мұсылман дүкенінен сатып алған. Сол себепті ол духилар алынып облыстық токсикология бөліміне жіберілді. Қазір зерттеу жалғасуда.
Базардағы иіс су сатылған дүкен әлі жұмыс істеп тұр. Ал жуырда прокурорлар мен тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы онда ауқымды тексеру жүргізбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!