Ақтауда арбаға таңылған азаматтар шенеуніктерді ұялтты
Ақтаудағы арбаға таңылған азаматтар атқамінерлерге ашулы. Өйткені қалада мүгедектердің жүріп-тұруына мүлде жағдай жасалмаған екен. Бұған көз жеткізу үшін бүгін біртоп жарымжан қала көшелерімен жүріп, кедергілерді еңсеріп көрді.
Автор: Диас Нұрақын
21.10.2016
Өздігінен жүріп-тұра алмайтын бұл азаматтар Ақтау көшелерін арбамен аралауға шыққан еді. Алайда мүгедек жандардың бұл бастамасы тым ерте аяқталды. Өйткені бірнеше метрден кейін-ақ арбадағылар биік бордюрге тап болған. Сондықтан оларға көшедегі бейтаныс жандардан көмек сұрауға тура келді. Ары қарай жүргіншілер жолы төселмегендіктен сапарды жалғастыру тіпті қиындаған.
Осы шара арқылы арбаға таңылған азаматтар өздеріне атқамінерлердің назарын аудартпақшы. Өйткені қаладағы көптеген әлеуметтік нысандар мен өзге де ғимараттарға мүлде пандус салынбаған дейді. Тіпті қалалық әкімдік ғимаратындағы мүгедектер жолы да ешқандай талапқа сай келмейді екен. Сондықтан арбаға таңылғандар әрдайым бастарын қатерге тігіп, тым биік пандустардан эктремалды жағдайда шығып-түсуге мәжбүр.
Алайда арбаға таңылғандардың барлығы бірдей бұл жігіт секілді шебер емес. Сондықтан олар әрдайым өздерімен бірге көмекші ертіп жүруға мәжбүр. Ал жалғыз жүрсек жұмыс бітпейді дейді.
Мұнара Мамытова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Есігінен барып кіре алмаймыз. Дүкендерге кіре алмайсың. Көтерілетін жер жоқ.
Қаланың қақ ортасында осындай қиындыққа тап болғандардың ары қарай жүруге жүректері дауаламады. Бір көшенің басынан аяғына жете алмай шаршағандардың шырылдайтын жөні бар. Өйткені қалған аудандарға арбамен қатынау мүлдем мүмкін емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!