Атырауда қамауға алынған лауазымды полицейлердің туыстары шу шығарды
Атырауда қалалық криминалдық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Нұрболат Қабдешев пен жедел уәкіл Бейбіт Шалтеновтың туыстары шу шығарды. Өтеуовтың хатында есімдері аталғаны үшін оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту әділетсіздік дейді олар. Тіпті, бұл кісі өлтіріп, 22 жылға сотталған лейтенант Манарбек Өтеуовтің соңында тұрған ықпалды адамдардың тапсырысы деп айды аспанға бір-ақ шығарды.
Автор: Жанар Низамутдинова
24.10.2016
Нұржамал Сағынбаева, Нұрболат Қабдешевтың анасы:
-Түрмеде отырған Өтеуовті хаты арқылы шаруа бітпейді? «Өтеуов кім»? деп сұрақ қоясыңдар ма сендер? 2-3 рет қылмыс жасағанда, ешкім оны жұмыстан шығара алмады . Өтеуовтің себебі, жоғарыда біреуі отыр.
Қос полицейдің аналарын қолдауға басқа да тәртіп сақшыларының жақындары келген. Олардың сөзіне сенсек, Өтеуов адам өлтіргенге дейін де, 2 рет істі болыпты. Сол кезде-ақ Нұрболат Қабдешев лейтенант Өтеуовті жұмыстан қумақ болғанымен шамасы келмеген. Еске салсақ, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтеновке «топ болып, пайда табу мақсатында қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылып, тергеу қапасына жабылған болатын. Қазір бірі көлігін, енді бірі үйін кепілге қойып, бостандыққа шыққан. Ал оларды қамауға Өтеуовтің жазған хаты себеп. Онда абақтыда отырған бұрынғы полицей кәсіпкерді өлтіруге бастығы бұйырғанын айтқан. Сондай-ақ, Қабдешев пен Шалтеновтың бастамасымен жазықсыздарға жалған айып тағып, олардан ақша бопсалағаны, саудагерлер мен жезөкшелерден салық жинағаны туралы да жазылды. Қазір осы істі Бас прокуратурадан келген топ тергеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!