Алматы облысында бүтін бір ауыл егеуқұйрықтан зәбір көріп отыр
Егеуқұйрықтан есі шыққан жұрт! Алматы облысындағы Арқарлы ауылында қара тышқан қаптап, тұрғындардан маза қашқан. Қорадағы тауықтың балапандарын жеп тауысқан кеміргіштер енді үй ішіне ене бастапты. Егеуқұйрықтан төнген қауіптің дабыл қағатын жағдайға жеткенін ауыл әкімі де растап отыр. Сондықтан олармен күресу үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып жатыр екен.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.10.2016
Арқарлы ауылының тұрғындары тышқан аулаған мысықты құтқарушыдай көреді. Бірақ мысықтың қора-қопсыда шұбырып жүретін қара кеміргіштерге шамасы келмейді. Алдымен тауықтың балапандарын тауысқан олар қоянның көжектеріне дейін жеп қойыпты. Егеуқұйрықтан зәрезап болғандар олардың қаптауына ауыл маңындағы егістік себеп дейді.
Татьяна Галкина, Арқарлы ауылының тұрғыны:
-Мынандай екі дәуін, мынандай кішкене біреуін ұстап алдым үйден. Тышқанды айтпайм, мысық ұстап алады үйден. Бірақ, егеуқұйрықты ұстамайды мысық. Сол мына жерге егін еккенде 500 метр егістікке қазір. Ал ол заңда 5 км болу керек дейді. Сол қазір мына жерге салды ғой, барлық егеуқұйрық бізге үйге келеді.
Бұл маңда егеуқұйрық бұрын-соңды бұлай қаптап жүрмеген екен. Енді мына жағдайдан соң ауыл жұрты әкімдіктен сауға сұрапты. Ал олар у сатып алу үшін әр үйден мың теңгеден ақша жинау керектігін айтқан.
Гүлнар Жантілесова, Арқарлы ауылының тұрғыны:
-Әкім келді, жиналыс ашты бізге. Әр ауладан мың теңгеден жинаңдар, сонда арнайы мамандар келіп, мына дәрілеп, улаймыз деді. Онымен бізден жиналмады ақша, сонымен ешқандай келмеді. Қазір егеуқұйрық деген есігімізді аша алмай қаптап жүр.
Кеміргіштерден келер қауіптің ұлғайғанын ауыл әкімі де растап отыр. Тіпті Арқарлыға көршілес Сарыбастау ауылында да көбейе бастаған. Ал тұрғындардан ақша жинау мәселесін жай ғана жел сөз дейді әкім.
Қайрат Сұлтанбеков, Сарыбастау ауылдық аймағының әкімі:
-Әркім әрқалай айтады. Тасымалданған көліктермен келді, әйтпесе, миграциямен келді деп. Дәл егеуқұйрық бойынша. Келіп көбейе-көбейе, бүгінгі күні кәдімгідей дабыл қағатын жағдайға жетті уже. Ол ақша жинады... ақша жинағанмен, кімнен жинайсың? Өздері қарыз сұрап отырған пенсионерлер.
Қазір оларды жою үшін Кербұлақ ауданының қазынасынан арнайы қаржы бөлінбекші. Сөйтіп, санэпидстанция мамандары шақыртылмақ. Ал тұрғындар егістікті ауыл маңынан алыстатпайынша, кеміргіштерден де құтылмайтынын айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!