{metadescription}
Ақтауда үлескерлер дайын үйлеріне кіре алмай жылап жүр
Ақтауда үлескерлер дайын үйлеріне кіре алмай жылап жүр

Ақтауда үлескерлер дайын үйлеріне кіре алмай жылап жүр

Ақтауда ондаған үлескер бірнеше ай бұрын дайын болған үйлеріне кіре алмай жүр. Өйткені баспананы салған компания мен сол үй тұрған жердің иесі ортақ олжаны бөлісе алмай, бір-бірімен соттасып жатыр. Бұрынғы серіктестер арасындағы даудан қарапайым тұрғындар жапа шегуде. Тіпті қыруар қаржы жұмсаған үлескерлерге түптеп келгенде үйсіз қалғалы тұр.

Екі жүзге жуық үлескер су жаңа үйден баспаналы болған. Тіпті басым бөлігі пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныс тойын тойлауға әзір. Бірақ 200-дей отбасы бірнеше айдан бері мұнда көшіп келе алмай жүр. Оған құрылыс компаниясы мен жер иесі арасындағы дау себеп.

Аққылаң Жолбасарова, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Екі ортада қалып тұрмыз. Өйткені мердігер мен жеріміздің иесі бір-бірімен келісе алмай жатыр. Жердің өзі арендада тұр.  Су жоқ, жылу жоқ. Майя Ханчевская  рұқсат бермей отыр дейді.Айтатындары осы.  

Жер телімі жеке медициналық колледж директорының меншігінде. Бірнеше жыл бұрын мекеме басшысы инвестормен бірлесе үлкен жобаны жүзеге асыруға уағдаласқан. Сөйтіп, фирма студенттерге жаңа ғимарат, емхана және спорт зал салып беретін болған. Оның есебіне құрылыс компаниясы жердің бір бөлігін өзі пайдаланып, тұрғын үйлер салды. Бірақ тым жақсы басталған жоба, жеме –жемге келгенде аяқсыз қалып отыр.  

Арғын Қабиев, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Екеуі бір-бірімен келісе алмай жатқан шығар. Екі ортада біздің не қатысымыз бар. Үйімізге кіруіміз керек. Ұят емес пе?

Қанталапайға түсіп жатқан аумағы ат шаптырым жерге 9 тұрғын үй мен 3 оқу ғимаратының негізі қаланған. Ал құрылыс фирмасы басшысының айтуынша, серіктесімен ат құйрығын кесуіне оның аранының ашылуы түрткі болыпты. 

Николай Корниенко, «Альфа-тур» ЖШС директоры:

-Оған бәрі аз боп көрінеді. Көк тиын салған жоқ мұнда. Не қолын, не аяғын қозғалтқан емес. Мына дүниелерді салу үшін ештеме істеген жоқ. Оның үстіне бұл мемлекеттен жалға алынған жер, оны қай бетімен бөліскелі жатыр.

Ал, колледж басшысының айтуынша, әу бастан-ақ фирманың аяқ алысы көңілінен шықпаған. Құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліпті. Оның үстіне келісілгендей жетеу емес, тоғыз нысан бір-ақ тұрғызылған. Әрі пәтер алу жағынан колледж қызметкерлеріне жеңілдік жасаймын деген уәдесінен де айнып қалыпты. 

Майя Ханчевская, колледж директоры:

-Бірде-бір құжатқа қол қоймаймын, өйткені оның өзі ештеңе істеген жоқ. Мен не үшін оған осы жер телімін беруім керек? Не менің студенттерім үй алған адамдардан кем бе еді. Ол кімді алдап жүр? 

Директордың айтуынша, пәтер алғандар түбінде тақырға отыруы мүмкін. Өйткені оның келісімінсіз жасалған келісім-шарттың күші жоқ. Қазір бұрынғы серіктестер бір-бірін сотқа сүйреп жүр. Қос тарап айқасып жатқанда, үлескерлердің ендігі жайы не болары белгісіз.    

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде