Шымкент тұрғыны қыз туа бергені үшін келіншегін аяусыз соққыға жығып үйінен қуып жіберді
Ал Шымкент тұрғыны қыз туа бергені үшін таяққа жығылды! 6-шы қызын босанған келіншекті күйеуі сабап, үйінен қуып жіберген. Үлкені 8 жасар, кішісі 8 айлық 6 баламен далада қалған Әлия Қайназарованы перзентханада танысқан әйел үйіне кіргізіпті. Оның да 6 баласы бар.
Автор: Бек Әбиев
25.10.2016
Бір бөлмелі ғана аядай үй балабақшаға көбірек ұқсайды. Шиеттей 12 бала осында тамақтанады, ойнайды, ұйықтайды. 6 қыз туғаны үшін жазықты болып, күйеуінен өлердей таяқ жеген Әлия Қайназарова осының өзіне риза. Соңғы мәрте 5 күн бұрын жары соққыға жыққан оны перзентханада танысқан келіншек үйіне кіргізіпті.
Әлия Қайназарова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Басымнан ұрды. Қыздарымның көзінше тепкіледі. Ұлдана қызым «папа ұрмашы» деп аяғына жалынды. Балалардың бәрі жылап бұрыш-бұрышқа тығылды. Қорқып қалған қазір.
Қыз туғаны үшін таяққа жыққан күйеуі ақыры далаға қуып шыққан. Әлия енді амалсыз, таныс әйеліне қоңырау шалып, балаларымен өзі үстіндегі бір сыпыра киімімен осы үйде жүр. Соңғы мәрте Құрбан айтта ет жеген 6 балалы екі әйел біздің көзімізше ас дайындады. Онысы не еті, не картоп-сәбіз түгілі дәмдеуіші жоқ құр макарон.
30 жастағы келіншек күйеуімен қосылғалы пәтер жалдап тұрып келген екен. Пәтер қожайыны ақша төлемедіңдер деп, балалардың құжаты мен киімдерін алып қалыпты. Мектеп жасындағы екі қызы бір аптадан бері сабаққа бармай жүр. Полицейлерге хабар берсе, олар да бас бұрмапты.
Әлия Қайназарова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Бөлек пәтерге шығып, қыздарымды бақшаға жайғастырып, оқуын оқытсам деймін. Сосын жұмыс істесем деп жатырмын.
Ал, Әлияны қыздарымен үйіне кіргізген Ханымкүл екеуі 8 ай бұрын перзентханада танысқан екен. Телефонмен сөйлесіп тұратын құрбымның жағдайын естіп, бірден алып келдім дейді. Өзі жетімдер үйінде өскен 6 баласы бар жесір әйел Әлияға мемлекет көмектеспесе де үйден қумаймын дейді.
Ханымкүл Бейсебаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Алланың берген сыйы. Періште ол. Бала-шағаммен қалғам мен де 3 жыл бұрын. Сол кезде маған баспана берген үкімет. Сол сияқты бола ма деген үмітте болып отырмын. Біреу қол ұшын берер. Қумаймын, бұл адамгершілікке жатпайды.
Әлия Қайназарова биліктен тек өзгенің қолында қалған құжатты алып беріп, үйдің кезегіне қояды ма деп үміттенеді. Күйеуімен ажырасуға жүрексінетін келіншек құзырлы орындар теледидардан көріп қол ұшын бермесе, жәй арызға полиция пысқырмайды,- дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!