Алматыда банкке қарақшылық шабуыл жасағандар әлі табылған жоқ
Екі қаскөй таң алдындағы қарбалас кезінде қаланың қақ ортасындағы бөлімшеге баса-көктеп кіріп, күзетшінің қаруын тарып алып кеткен. Дегенмен, дабыл дер кезінде қосылып, банкті тонап үлгермепті. Оқиға орнына дереу жеткен полицияның көліктерін көріп, маңайдағы тұрғындар да дүрлігіп қалды. Жаздағы терактіден кейін жүректері шайлыққан жұртты тәртіп сақшылары сабырға шақырып отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.10.2016
Алматының қақ ортасында орналасқан банкке жасалған шабуыл полициямен қоса маңайдағы тұрғындарды да таңатпай бір дүрліктіріп тастады. Оқиға сағат таңғы 8-де болған. Ал ол кезде жұмыс әлі басталмаған екен. Сондықтан мұнда тек бірен-саран адам болыпты.
- Қос бірдей қаскөй ғимаратқа дәл осы есік арқылы баса көктеп кірген. Сөйтіп, мұнда отыратын өзге мекемелерге тиіспей, кіреберісте орналасқан банк кеңсесін көздепті. Осылайша, қаржы мекемесінің күзетшісіне тап беріп, оның қару-жарағын қолды еткен.
Жұмысқа бүгін әдеттегіден ерте келген 27 жастағы күзетші қарақшыларға қарсылық көрсетіп, банктің ішіне кіретін кілтті бермей қойыпты. Ойлары іске аспаған соң екі қаскөй оны оңдырмай жаралаған.
Мырзатай Балтабаев, күзет агенттігінің директоры:
- Күзетші Қуаныш Нұрқалымов банктің есігін кілттеп, залда орналасқан дәретханаға шыққан. Сол кезде оған шабуыл жасалыпты. Қызметкер қарсылық білдірген. Травматикалық тапаншаны қолданбақ болғанымен, қарақшылар тартып алған.
Сөйтіп, ақшасыз қалған екеу бірден із суытыпты. Кейін оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп жеткен. Ал мұны көріп маңайдағы тұрғындар да үркіп қалды.
Елена Грибенюк:
- Жұмысқа келгенімде адамдар қаптап жүрді. Әсіресе, қару асынған арнайы жасақ өкілдері мен тәртіп сақшылары өте көп болды. Біз алғашында түсінбей қалдық.
Таңғы дүрбелеңді кейбірі кезекті лаңкестік деп ойлаған. Дегенмен, Ішкі істер министрі оқиғаға радикалдардың еш қатысы жоқ деп отыр. Қазір осы жағдайға байланысты «Қарақшылық» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қарақшылармен арпалысқан күзетшіден де жауап алынуда.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бұл кәдімгі қарақшылық. Қылмыскерлер алдын-ала дайындалған. Банктің жұмыс уақытын бақылап жүрген. Біз мәселенің мән-жайын тексереміз.
Банк бөлімшесі қазір асқан сақтықпен жұмыс істеуде. Ал, мекемені тонамақ болған екеу әлі қолға түспеген. Сол үшін қала бойынша таңертеңнен бері арнайы операция жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!