Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің заңдары ғаламторға ендірілмек
Қолжетімді құқықтық құжаттар! Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің заңдары ғаламторға ендірілмек. Бұл үшін ұйымның ресми сайтында арнайы сілтемелер жасалады екен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
28.10.2016
Яғни, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан заңнамаларын кез-келген уақытта тегін оқу мүмкін болады. Бастама құқық саласында өзара тәжірибе алмасу үшін де маңызды. Бұл туралы ұйымға мүше елдердің Әділет министрлерінің басқосуында айтылды. Алматы облысында өткен отырысқа министрлерден бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми өкілдері де арнайы келген. Олар бүгін өзара құқықтық ақпарат алмасуды дамытамыз деп уағдаласты. Әсіресе, лаңкестермен күресу үшін сот сарапшыларының қоян-қолтық жұмыс істегені абзал. Еліміздің Әділет министрі бұл ретте сот сараптамасын жасайтын мекемелердің аймақтық жұмыс тобын құруды ұсынды.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Сот сараптама мекемелерінің жұмыс тобын құру – Қазақстан тарапының ұсынысы. Осы жұмыс тобы – сот сараптама өзара түсінушілігін нығайтуға және кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!