Оңтүстікте жүк көлігінің жүргізушілері көлік инспекциясына жем болып жатыр
Айтуларынша, полицейлер артық салмақпен бара жатқан жүргізушілерге заң аясында айыппұл салудың орнына пара алғанды жөн көреді екен. Шамадан тыс жүк артпайын десе жұмыстан шығып қаламыз ба деп қорқады. Соның кесірінен асфальтталған жолдарды да құртып жатырмыз дейді жүргізушілер.
Автор: Бек Әбиев
28.10.2016
Күніге жүздеген шақырымдарды басып, қала аралап жүк таситын мына жігіттердің көлік инспекциясына өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, жолда жүру мұң. Тапсырыс берушілер 20 тонналық жүк көлігіне 30 тоннадан артық салып жібереді екен. Бас тартайын десе жұмыссыз қалады. Ал оны таразыдан өткізіп, артық салмақты алып тастауы тиіс инспекция айыппұл салудың орнына пара алуға әуес. Салдарынан, діттеген нүктесіне жеткенше әр инспекторға жем боламыз дейді жүргізушілер.
Бақыт Исалиев, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Иқан, Красный Мост 10 мың. 20 тоннамен жүргізсін. Сол кезде мынау екеуіміз 30-30 тоннадан артқанша 20 тоннадан артамыз. Отбасын бағады мынау.
Артық жүкті алып жүретінін жасырмаған жүргізушілер көлік инспекциясы қызметін тиісінше атқарса, тапсырыс берушілер де заңға сай жүк артар еді дейді. Жұмыс беріп отырғандарға қой дей алмай, инспекцияны асырап отырмыз деген олар мемлекет салған жолдарды да құртып жатыр екен.
Шәміл Сариев, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Баллон қымбат, бөлшек қымбат. 30-37 тонна дегені тасуды қояйық. Машинамызды құртады. Жаңадан салып жатқан жолды құртып жатырмыз біз.
Ал жолдағы жүк көліктерін бақылауы тиіс инспекция өкілдері болса күнгейде бар жоғы екі-ақ жылжымалы бекет бар дейді. Және онда Астанадан бақылап отыратын камералар орнатылғанын айтады. Бір жылда артық жүк артқандарға 395 хаттама толтырыпты. Осылай деп мақтанғанымен, инспекция басшылары өз қызметкерлерін періште деуден аулақ.
Ержан Қалымбетов, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы:
-Инспекторлардың бәрі бір тап-таза деп айтпаймын. 5 саусақ бірдей емес. Сондықтан оның ішінде де әртүрлісі бар шығар. Шағым жазсын.
Көлік инспекторлары жүргізушінің таразыдан өтіп, түбіртекпен жүрсе мың шақырымдық жолда бір инспектордың тоқтатпайтынын айтады. Болмаса, жүк тасушылар қауымдастығын құрып, инспекция жұмысын бақылауды ұсынып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!