Елімізде бала асырап алу тәртібі өзгереді
Елімізде бала асырап алу тәртібі өзгереді. Яғни, бұдан былай жетім бала отбасын өзі таңдауы тиіс. Үкімет осы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздардың құқығын қорғамақшы. Өйткені, жетімді бауырына басқысы келетіндер таңдау жасағанда, пікірлері ескерілмей қалатын балалар үшін бұл ауыр тиеді екен. Сондықтан ешкімді шеттетпеу үшін заңға өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанада өткен ата-аналар мен тәлімгерлер форумында айтылды.
Автор: Досжан Маратұлы
31.10.2016
Жыл сайын Астанада өтетін асырап алушы ата-аналар форумы үлкен маңызға ие. Өйткені, шараның арқасында көптеген жетім отбасылы болып, бала сүйе алмай жүргендер балалы болады. Биыл да форум дәстүрінен жаңылмаған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ата-аналар бала асырап алу мәселесін талқылап, бір-бірінен ақыл кеңес сұрады.
Айнұр Аймурзина, «Дара» қайырымдылық қорының координаторы:
-Жиналып отырған адамдардың ішінде асырап алушы ата-аналар да бар, тәлімгерлер де бар. Осы жүзден астам адам өзінің тәжірибесімен бөліседі. Асырап алу үрдісін жеңілдету үшін, мемлекет тарапынан адамдардың назарын аудару үшін негізі осы форумда жиналамыз.
Мұндағы ата-аналардың көбі бала сүйе алмай, жетімді бауырына басуды ойлап жүргендер. Форумда олар үшін бала асырап алуды жеңілдету мәселесі қозғалды. Яғни, жетімді асырауға ниет білдіргендерді Үкімет қалың құжат жинауға жіберіп, қала берді ұзақ күттіріп қояды. Енді мұндай қағаз бастылық азайғанымен, талап күшеймек. Яғни, бұдан былай жетім бала отбасын өзі таңдауы тиіс
Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:
-Ата-аналардың көбі жетімдер үйіне ойыншық таңдауға келгендей әсер қалдырады. Баланың түріне қарап, ұнатқанын асырап алғысы келеді. Бұлай істеуге болмайды. Отбасыны баланың өзі таңдауы қажет. Осыған басымдық беретін боламыз.
Яғни, балалар үйінде ұл-қыздар арасында таңдау жасағанда ескерілмей қалатын бүлдіршіндер үшін бұл психологиядық ауыр соққы екен. Сондықтан ешкімді шеттетпеу керек дейді мәжілісмендер. Ал, елімізде 30 мыңға жуық жетім ұл-қыз бар. Олардың басым бөлігі қамқорлыққа алынғанымен, 8 мыңы әлі балалар үйінде жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!