Астанада EXPO-ның алғашқы нысандары пайдалануға берілді
ЭКСПО аумағынан алғаш болып бес елге орын бұйырды. Бүгін Қытай, Франция, Германия, Түркия мен Венгрия өздеріне тиесілі павильондарды бөліп алды. Енді қатысушылар келесі жазға дейін нысандардың ішін толтырып, халықаралық көрмеге қоятын техникаларын түгел кіргізуі тиіс. Павильондардан бөлек, ЭКСПО қалашық, ЭКСПО кеңсе мен Энергия зерттеу орталығының құрылысы да аяқталыпты. Ал Қазақстанға тиесілі «шар» іспеттес нысан жыл соңына дейін салынып бітпек. Мемлекеттің миллиардтары жұмсалған еліміздегі ең ауқымды құрылыс алаңында Жәудір Оразхан да болды.
Автор: Жәудір Оразхан
31.10.2016
Қазынадан миллиардтаған теңге бөлініп, қанша жылдан бері құрылысы жүріп жатқан ЭКСПО-ның бүгін алғашқы нысандары табысталды. Ұйымдастырушылар бірінші болып бес елге тиесілі павильонды аяқтапты. Яғни, Қытай, Франция, Германия, Түркия мен Венгрия халықаралық көрме өтетін аумақтағы жеке нысандарын қазірден бастап безендіре алады.
Халықаралық көрме міне, мынадай кең павильондарда өтеді. Бүгін бірінші рет көпшілікке көрсетіліп отыр. Ең үлкені Германияға бұйырыпты. Аумағы 1250-ге жуық шаршы метр. Әзірге бәрі бос тұр. Көрменің басталуына 222 күн қалғанын ескерсек, жеті айда қатысушылар нысанның ішін толтырып үлгерері анық.
Тоуард Малгорзата, Франция өкілі:
- Біздің павильонда 8 кеңістіктің дизайны болады. Олар Франциядағы ірі энергетикалық компаниялар. Қаңтардан қызу әзірлікті бастаймыз. Павильондар дәл осылай ерте дайын болады деп ойламадық.
Қытай өкілдері болса, «Жасыл Жібек жолы» деп аталатын павильонына энергияның таусылмайтын түрін: күн, жел мен судан қуат алудың тың технологиясын көрсетпек. Қытайлықтар елге туризм тартудың да жаңа жолын үйретеміз деп отыр. Ал халықаралық көрмеге қатысушыларға сертификат табыстаған Ахметжан Есімов қуанғаны соншалық, ЭКСПО-ны дағдарысқа қарсы бағдарламаға теңеді.
Ахметжан Есімов, «ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы:
-Экспо-ны 300 астам құрылыс компаниясы салып жатыр. Бұл – жаңадан 50 мың жұмыс орны ашылды деген сөз. Құрылыс жоспарға сай жүруде. Келесі жылы көрменің аумағын көгалдандырумен айналысамыз.
Павильондардан бөлек, ЭКСПО қалашығы да дайын. Мәселен, мына пәтерлерде көрмеге келген шетелдіктер тұрады. Мысалы, Франция қазірден бастап 6 баспананы жалға алып отыр. Пәтерде жиһаз, жатын орын, ыдыс-ақ, тіпті орамалға дейін бар.
Ғалымжан Қарымсақов, ЭКСПО қалашықтың басқарушы директоры:
-Қазір 40 пәтерді дайындадық. Желтоқсанда адамдар кіре бастайды. Наурызға дейін жалпы 750 баспананы аяқтаймыз. Көрмеден кейін бұл пәтерлер сатылады. Ішіндегі жиһазы да.
Қалашықтағы пәтерлер тәулігіне 50 мың теңгеге жалға беріледі екен. Сондай-ақ, ЭКСПО кеңсе мен Энергия зерттеу орталығының құрылысы да аяқталып тұр. Ал Қазақстанға тиесілі «Шар» іспеттес нысан жыл соңына дейін салынып бітпек.
Қазір Экспо алаңында күні-түні құрылыс жүріп жатыр. Өйткені,келесі жылы Астанада өтетін халықаралық көрмеге жүзден аса мемлекет қатысатынын ескерсек, ұйымдастырушылар әлі ондаған нысанды иелеріне тапсыруы тиіс. Ал Экспо 10-маусымда басталып, үш ай өтеді. Халықаралық шараны көруге 5 миллионға жуық адам келеді деп жоспарлануда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!