Қазақстанда үйлер өтпей жатыр
Елімізде ескі үйлерге сұраныс төмендеген! Содан өткен ғасырда салынған баспаналардың құны ай сайын құлдырап жатыр. Тіпті, алдағы жарты жылдың ішінде 20 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Алайда, сатушылар бағаны қанша төмендетсе де, ескі үйлер тұтынушыларды қызықтырар емес. Себебі, жұрт, жаңадан бой көтерген заманауи үйден пәтер алуға талпынады. Сәйкесінше, олардың құны айтарлықтай көтеріліпті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.11.2016
Еліміздің тұрғындары үй алуды доғарды! Осылай деп дабыл қаққан сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығының тығырыққа тірелгенін айтуда. Яғни қазір ескі үйлерге сұраныс мүлдем жоғалған. Сондықтан сатушылар баспана бағасын төмендетуге мәжбүр. Бірақ мұның өзі жұрттың өткен ғасырлық пәтерлерге деген қызығушылығын оятар емес.
Бауыржан Бектаев, сарапшы:
- Нарық өте қиын жағдайда. Арасында болды 3-5 процентке көбейгені. Бірақ, бағалар ай сайын 3-5 пайызға түседі.
Бұл бұрын салынған үйлердің өз құнын жоғалтуының шегі емес. Мамандар мұндай баспаналардың бағасы әлі де түседі деп отыр. Яғни алдағы жарты жылда 20 пайызға дейін арзандауы мүмкін. Ал жаңа үйлерге қатысты мәлімет мүлдем басқаша. Ондағы сатылып жатқан пәтерлер саны ай сайын өсе түскен.
- Жаңадан бой көтерген үйлердің құны керісінше қымбаттай түсуде. Мәселен, мына элиталық үйдің бір шаршы метріне баға бұрын 475 мың болса, қазір 535 мыңға бір-ақ шыққан. Яғни, соңғы 3 айдың ішіндегі өсім 12 пайызды құрап отыр.
Алматының өзінде ай сайын осындай 2 жарым мың жаңа пәтер пайдалануға беріледі. Ал өткен ғасырда бой көтерген ескі үйлердің бұлармен бәсекелесе алмасы айдан анық.
Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті:
– Орталықта орналасқан жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер бағасы алда тағы да өсуі мүмкін. Қазірдің өзінде жер-жерден жаңа үйлер бой көтеруде. Ал бұл салынғанына 40-50 жыл болған үйлердің бағасына тікелей әсер етеді.
Жалпы, мамандар жылжымайтын мүлік нарығындағы бұл жағдайды тұрақсыз теңге құны және мұнай бағасымен байланыстырып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!