Алматы облысында тұрғындар көшеде қару алып жүретін көршісімен қырқысып жүр
Тапанша атып, тұрғындардың тынышын қашырған. Алматы облысы Талғар ауданындағы саяжай тұрғындары күн сайын өздерінің зәресін алатын тентектің үстінен жаппай шағымданып отыр. Сондағы көрінген адаммен кикілжіңге келетін ол әй-шәйға қарамай қаруын ала жүгіретін көрінеді. Бұзақының суық қаруынан шошыған жұрт оның заңмен жазалануын сұрап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
02.11.2016
«Ардагер» саяжайының тұрғындары осындағы Алексей Николаев дейтін бұзақыдан әбден мезі болғандарын айтады. Ердің жасы 50-ге таяса да үлкенді-кіші демей балағаттап, қолынан келсе ұрып-соғып, тіпті тапаншамен атқылайтын әдеті бар екен. Ол Өрісбай ақсақалды да атып тастауға оқталған.
Өрісбай Омаров, саяжай тұрғыны:
-Атса атсын, әкесін аузын өлейін дедім енді. Бірақ, атпады өзіме қарап. Мені қорқытпақшы болды. Еек алмақшы менен.
Тұрғындардың айтуынша, оның ендігі мақсаты – саяжайды басқару. Сол үшін бау-бақша қоғамының қазіргі төрайымының үйіне де тыныштық бермейді екен. Ол үйдегі бала-шағаны қорқыту үшін де тапанша қолданыпты.
Екатерина Башатова, саяжай тұрғыны:
-Итіміз қатты үре бастады. Сыртқа шықсақ, Алексей Николаев таспен ұрып жатыр екен. Мән бермей қойған едік, тарсылдаған дауыс естідік. Қайта қарасақ, қолында тапаншасы бар, үйімізді сыртынан атқылап жатыр.
Атқан іздері қабырғада әлі тұр. Сынған терезе де сол жөнделмеген қалпында. Бірнеше жыл бұрын бұл үйдегі қарт кісіні де таяқтың астына алыпты. Соның кесірінен Екатеринаның әкесі ауруханада жатып шыққан екен. Ал күйеуін таяқпен ұрып, қолын сындырған.
Жуырда ғана тапаншамен үй сыртын атқылағанда тұрғындар тәртіп сақшыларын шақырыпты. Қашып құтылмақ болған қуды полицейлер іздеп тауып, қамауға алған екен.
Көбей Нұрахмет, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
-Ұсталған сәтте бұл азаматтан «Макаров» тапаншасына ұқсас пневматикалық тапанша табылды. Қазір оның үстінен бұзақылығы және тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін екі бірдей қылмыстық іс қозғалып отыр. Ұсталған азамат Талғар аудандық сотының санциясымен қамауға алынды.
Алексей Николаев 2000 жылдары да осындай бұзаылығы үшін жауапқа тартылған екен. Бұл жолы тәртіп сақшылары ол жазадан құтылмайды деп отыр. Ал тұрғындар саяжайдан мүлде аластап жіберуді көздейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!