ОҚО-да тастанды сәби асырап алған отбасында қалатын болды
Туыла сала тастанды атанған шардаралық шарананың сағызша созылған ісіне ақыры нүкте қойылды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы осы ауылдың тұрғыны Бейсенкүл Әбубәкірова сәбиді 8 жыл бұрын есік алдынан тауып алып, асыраған. Осы күнге дейін бағып-қаққан анасымен тұрып келген кішкентай Инабатты, биыл биліктегілер балалар үйіне өткізу мәселесін қарастырған болатын. Дегенмен, сот бүлдіршінді сол Бейсенкүл Әбубәкіроваға қалдыруды шешті.
Автор: Бек Әбиев
03.11.2016
Кішкентай Инабат – Бейсенкүл апа үшін нағыз қолқанат. Аула сыпыру, гүл суару, ас әзірлеуде таптырмас көмекші. Оның үстіне ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әжей үшін ол қазіргі жалғыз қуанышы. Қария 8 жыл бұрын есік алдынан жөргекке байланған шақалақты тауып, полицияға хабар берген. Тергеу кезінде сәбиді өзінде қалдыра тұруға рұқсат алған Бейсенгүл апа сол бір күнгі оқиғаны тағдырдың сыйына балайды.
Бейсенкүл Әбубәкірова, Шардара ауылының тұрғыны:
- Өзімнің 3 бала, 1 қызым бар. Бұл қызды Құдай берді маған. Қызым біреу деп жүр едім, Құдай жеткізді.
Туғаннан ешқандай құжат алмаса да, қызды жергілікті мектеп оқуға қабылдапты. Енді құжат жинамақ болғанда қамқорлық органдары қыздың туған анасы болмағандықтан балалар үйіне өтуі мүмкін екендігін ескерткен. Жанын шүберекке түйіп, қызды асырап алушы мәртебесі үшін бірнеше процесстен өткен Бейсенкүлге сот оң шешім шығарды. Енді бір айдан кейін Инабат ресми түрде Әбубәкірова фамилиясын иемденеді.
Ақжібек Жантөреева, Шардара аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Шардара аудандық білім бөліміне арыз беріп, 24-ші қазанда арызымыз қанағаттандырылып, 1 айдан кейін күшіне енеді. Соттың шешімі. Содан кейін осы кісінің қолында қалады.
Бейсенкүл ападан бір елі қалмайтын Инабаттың өзі шақалақ кезінен бағып-қаққан адаммен қалатынына дән риза. Бірінші сыныпқа барып жүрген ол мектепте үйренген тақпағын айтып берді.
Инабаттың туған анасына полицейлер 8 жылдан бері бірнеше рет іздеу салған екен. Бірақ нәтиже болмаған. Дені сау, ақыл-есі бүтін боп туылған шақалақты тастап кеткен көкек ана табылса, қылмыстық іс қозғалары анық еді. Есесіне, Инабат көзін ашқалы көрген анасының жанында қалатын болды. Есейгенде әртіс боламын деп армандайтын бүлдіршіннің құжаттарын түгелдеуге енді құзырлы органдар да қуана көмектесеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!