Ақтөбеде террористердің соты абақтыда жалғасты
Ақтөбеде жазда болған лаңкестік оқиғаға қатысты сот процесі абақтыда жалғасты. Судья қауіпсіздік үшін отырысты сонда өткізу туралы шешім шығарған. Қазір жабық мекеменің маңайы толық қоршауға алынды. Тіпті, сондағы өзге сотталушылардың жақындары сәлем-сауқаттарын жеткізе алмай жүр. Айта кетелік, осы уақытқа дейін содырлар салған сойқанға қатысты жүзден астам жәбірленуші мен куәгерден жауап алынған.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.11.2016
Қаланың қақ ортасындағы бұл абақтыны тәртіп сақшылары таң атқалы қоршауға алған. Қауіпсіздік үшін жабық мекемеге қосымша қақпа орнатыпты. Өйткені содырларға қатысты сот отырысын осында өткізуді жөн деп тапқан. Қазір маңайына ешкімді жолатпайды. Лаңкестік оқиғаға қатысы жоқ абақтыдағы өзге сотталушыларға жақындары сәлем-сауқаттарын бере алмай сабылып жүр.
-Осында жиенім қамауда отыр. Соның керек-жарағын бере алмай жүрмін. Таңнан бері мына полиция қызметкерлері қоршап алып, ешкімді кіргізбейді. Не болып жатқанын да білмейміз.
Лаңкесттік оқиғаға қатысты осы күнге дейін 66 жәбірленуші мен 41 куәгерден жауап алынған. Олар қару-жарақ дүкендеріне жасалған шабуыл туралы айтып беріпті. Енді қалғаны – әскери бөлімде болған атыстың мән-жайын білу. Ол кезде мемлекеттік құпия мәліметтер айтылады. Процесті абақтыға ауыстырудың тағы бір себебі осы екен.
-Атышулы процесстің ашық өтуін сотталушылардың туыстары мен аймақтағы жиырмаға тарта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері талап еткен болатын. Тілшілер өткен аптада облыстық сот пен бас прокуратураға арыздарын тапсырды. Бірақ ондағылар мұны құптамаған. Өйткені, куәгерлер қарсы болыпты.
Сот алдында 29 айыпталушы жауап беріп жатыр. Солардың бірі Жаңабай Қуанышбаевты лаңкестік оқиғадан бұрын ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеп жүрген екен. Өйткені ол жұртты бұрыннан жиһадқа шақырып келген. Ал сот отырысы күнде өтуде. Соған қарағанда, үкім жақын арада шығып қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!