{metadescription}

Алматы облысында жол апатынан көз ашпаған жұрт шу шығарды

Көресіні күре жолдан көріп отыр. Алматы облысындағы Түймебаев ауылына кіре берістегі әскери қалашық тұрғындары жолдағы жаяу жүргінші белгілерінің жоқтығын айтып шағымданды. Осы бір қарапайым ескерту белгісінің болмауынан талай адам жол апатына ұшырап жатыр екен. Ал жергілікті әкімдік мәселенің қашан шешілетінін нақты айта алмай отыр.

Облыстық маңызы бар мына жол маңайдағы тұрғындардың сорына айналған. Қарапайым жаяулар белгісінің жоқтығынан талай адамды көлік қағып кетіпті. Орнатқан белгілерінің өзі жерде құлап немесе майысқан күйінде тұр. Атам заманда салынған жаяулар белгісінің көмескі ізі ғана көрінеді. Айжан Рахматуллина осы олқылықтың зардабын тартқандардың бірі екен.

Айжан Рахматуллина, әскери қалашық тұрғыны:

-2011 жылы мені көлік қағып кетті. Аяғым ауыр болатын. Қозғалыс азайған сәтте жолдан өтіп бара жатқан едім, аяқ астынан жүйткіген көлік кеп қалды. Сөйтіп апатқа ұшырап, аяғым сынды, бас сүйегім жарақаттанып, миым шайқалды. Екі жыл жатып шықтым. Бірақ аяғым әлі күнге ауырады. Ал баламның қан қысымы жоғары. 

Бұл жолдан ары-бері өтуден оқушылар да қорқады. Осындағы әскери қалашықта 2 мыңға тарта тұрғын болса, әр үйден 2-3 бала мектепке барады. Бірақ таңертеңгі және кешкі көлік кептелісі кезінде олар жолдан жүгіріп өтеді екен.

Арайлым Нұрдинова, 5-сынып оқушысы:

-Мен сабақтан қайтқан кезде көліктер өте көп болады. Сосын  белгіге ешкім қарамайды. Бізді қағып кете жаздаған.

Қағып кеткен де. Осыдан бір апта бұрын ғана жолдан өтіп бара жатқан 2 оқушы көлік астына түсіп, бірінің иығы сынып, бірінің аяғы майысқан. Осыдан соң ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден де қорқып отыр.

Жергілікті басшылық жасап бермеген соң, жаяулар жолағын тұрғындардың өздері сызып көріпті. Бірақ талапқа сай қалың әрі сапалы бояу болмаған соң онысы өшіп қалған. Ал осы мәселеге қатысты әкімдіктегілердің пікірін білейік деп барғанбыз. Ондағылардың үш сұраққа бір жауабын үш рет қайталағаны қызық болды. 

Еркін Нұрқасымов, Іле аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

-Облыстық жолаушы көлік және автомобиль жолдары басқармасына хабарландыру берілді. Жуық арада шешілетін болады.

Мәселенің жақын уақытта шешілетінін тұрғындар да талай естіген екен. Бірақ белгілер мен жолақтардың нақты қашан қойылатыны сол күйі айтылмады. Ал тұрғындар енді қайысымыз көлік астына түсер екенбіз деп алаңдап отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде