Доллар қайта қымбаттай түсті
АҚШ валютасы қазір ақша айырбастау орындарында 339-340 теңгеден сатылуда. Осылайша соңғы үш күнде ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы бірден 3-4 теңгеге өсіп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
03.11.2016
Теңгенің бұлайша құнсыздануына әдеттегідей қара алтын құнының құлдырауы тікелей әсер етуде. Себебі, бүгін әлемдік нарықтағы Брент маркалы мұнайдың бір баррельі 47 долларға дейін төмендеп кетті. Ал апта басында 50 доллардан сатылған. Десе де сарапшылар мұнай бағасы қайта көтерілуі мүмкін дейді. Яғни ОПЕК-ке мүше елдер қара алтын өндірісін азайтуға уағдаласса, баға да біртіндеп көтеріле бастайды екен. Айта кетейік, бұл ұйым біздің елге де мұнай өндіру көлемін азайтуды ұсынған болатын. Алайда тек шикізаттан табыс тауып отырған ел үкіметі ОПЕК-тің ұсынысынан бас тартты. Тіпті Қашаған кен орны іске қосылғалы бері мұнай өндірісін ұлғайтып, келер жылы оның көлемін 78-79 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!