Елімізде электрондық темекіні ермек ететіндер көбейіп келеді
Яғни жастардың көпшілігі шылымның орнына осы бір түтікшені түтіндетуге әуес. Кейбірі оны сән үшін қолданса, екіншілері темекіге тәуелділіктен құтылу үшін пайдаланып жүргендерін жасырмайды. Алайда еркін сатылымдағы бұл тауардың сапасын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Сондықтан мамандар сапасыз электрондық темекілер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін деп дабыл қағуда.
Автор: Диас Нұрақын
04.11.2016
Көк түтінге көміліп отырған бұл жігіттердің барлығы – электрондық темекінің тұрақты тұтынушылары. Бастапқыда тек әуестік үшін бастаған құмарлықтары қазір кәсіпке айналған. Осы жерде электрондық темекілерге қажетті құрал саймандар сатып, қызмет көрсетеді. Алайда электрондық темекіні ермек еткендер оның қауіпті екенін де жасырмайды. Яғни түтікшені дұрыс қолданбасаң, жарылып кету мүмкін.
Никита Семыкин, Алматы қаласының тұрғыны:
-Электрондық темекілер де, басқа құрылғылар секілді электр қуатын алады. Сондықтан оны абайлап қолданған дұрыс. Яғни батарейкасын дер кезінде ауыстырып отыру қажет. Олай болмаған жағдайда жарылып кетуі мүмкін.
Электрондық темекінің жарылуына қатысты дерек жақында Францияда тіркелді. Түнгі клубтан шыққан жігіттің артқы қалтасына салған құрылғысы аяқ астынан отқа оранған. Ал біздің елде мұндай жағдайлар әзірге тіркелмепті. Десе де жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін электронды темекі саудасын бақылауға алу керек дейді мамандар. Өйткені бұл тауарлар кез-келген сауда орындарында еркін сатылып жатыр.
Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
-Бізде электрондық темекі сатуға лицензия алу керек емес екен. Сондықтан саутшылар қайдан алғандарына жауап берген жоқ. Негізі заңдасқан жағдай емес екен. Менің ойымша бұған көңіл бөлу керек.
«Аман-саулық» қоғамдық қоры темекіге тәуелділердің нақты санын білу үшін ел арасында сауалнама жүргізіп көрген. Нәтижесінде сұрақ-жауапқа қатысқан мыңға тарта азаматтың 38 пайызы электрондық темекі тартатынын айтыпты. Көпшілігі мұны шылымды тастау үшін сатып алған екен. Солардың бірі – Филипп Катков. 7 жыл темекі тартқан жігіт оның электрондық түрін пайдаланудың да қалтаға айтарлықтай салмақ дейді.
Филипп Катков, Алматы қаласының тұрғыны:
-Электрондық темекіге айына шамамен 40 мың теңге жұмсаймын. Яғни түтікшені тазарту, қажетті сұйықтықтарын сатып алу керек. Бірақ қанша қымбат болғанымен кәдімгі шылымға қарағанда денсаулыққа аса зиян емес.
Дегенмен, электрондық темекіні де көп пайдалануға болмайды. Яғни темекіге деген тәуелділіктен арыламын деп осы құрылғыға байланып қалуыңыз да бек мүмкін. Сондықтан дәрігерлер денсаулыққа зиян келтіретін кез-келген жағымсыз әдеттен аулақ болуға кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!