{metadescription}

Жамбыл облысында дүлей дауылға байланысты төтенше жағдай жарияланды

Дүлей дауыл Жамбыл облысының жұртын тағы да әбігерге салды. Секундына 35 метрге дейін соққан күшті жел бірнеше ауданның, әсіресе Тараз қаласының тіршілігін тұралатып тастады. Желге шыдас бермей құлаған ағаштар электр бағаналары мен газ құбырларын жайпап өткен. Салдарынан шаһардың өзінде 15 мыңға жуық адам тас түнекте қалса, бір жарым мың отбасы көгілдір отынсыз отыруға мәжбүр. Қазір табиғат апатынан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Екпіні секундына 35 метрге дейін жеткен дауыл жолындағыны түгел жайпады. Тек Тараздың өзінде бірнеше әлеуметтік нысан, екі оқу орны және онға жуық көпқабатты үйдің шатыры қираған. Орталықтағы су жаңа үй төбесінің құлауы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Өйткені жел көтерген шатыр ғимарат қабырғасын тесіп өтіп бөлме ішіне бір-ақ кірген.

Еркебұлан Байышов, Тараз қаласының тұрғыны:

-Мен терезенің түбінде далаға қарап тұрғанмын. Сөйтіп, орынымнан қозғала беріп едім артымнан гүрс еткен дауыс шықты. Қайта қашып үлгердім. Мынау масқара ғой, үйдің қабырғасы өте сапасыз екен. Енді не істерімді білмеймін. Бөлмеміз үңірейіп тұр.

Дүлей дауыл талды тамырымен құлатып, электр бағаналары мен газ құбырларын да қиратты. Салдарынан 15 мыңға жуық түтін жарықсыз қалса, мың жарым шаңырақ көгілдір отынсыз отыр. Жылу мен судан да қағылған үйлер бар. Қазір әр салаға жауапты мамандар жатпай-тұрмай апатты қалпына келтіруге жанталасуда. Сондай-ақ, кешелі бері біраз жолаушы жолынан қалды. Өйткені желден теміржол желілеріне де зақып келіп, бес жолаушы пойызы жолда тұрып қалған. Күтуден шыдамы таусылған ел қонақүйге орналасуға да қауқарымыз жоқ дейді.

-Қонақ үйге барсам, ақылы дейді. Мен айтамын біздің кінә емес қой, мынау алыстан келген кісі кішкентай баласымен 4 сағат болды осы жерде отыр. Бұлар Ақтаудан келіп отыр. 

Машина үстіне құлаған ағаштар адамдардың өміріне қауіп төндірген. Құдай сақтағанда ажал құшқандар жоқ, бірақ жарақат алған 35 адам аурханаға түскен. Электр сымдарының жаппай үзілуінен әр жерлерде өрт шығып, өрт сөндірушілер тілсіз жауды өшіріп әлекке түсті. Қайта, жалынды өршітпей дер кезінде ауыздықтаған.

Екі апта бұрын қалың жауған қардан енді есін жия бастаған тараздықтар үшін дүлей дауыл жығылғанға жұдырық болды. Әзірге табиғи апаттан келген шығын көлемі белгісіз. Ал қала билігі тұрғындарға су, жылу және көгілдір отын толық берілгенін мәлімдеді. Қазір тек жарықтың жайы өзекті деп отыр.   

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

-Жалпы  төтенше жағдай жарияланды. Осының төңірегінде үлкен комиссия құрылды. Сол комиссия жұмысын бастап, атқарып жатыр. Төтенше жағдай бойынша өзімізде қаржы бар, сол қаржымен жолын қарастырып жолын табамыз. Жалпы қазір облыс бойынша жағдай тұрақты. Құрылысшыларды бастарын қосып, құлаған талдар, шатырлар жинақталып жатыр.

Тараз қаласынан бөлек, Жуалы, Байзақ, Шу және Жамбыл аудандарында да жағдай мәз емес. Ең негізгі электр бағаналары құлап, елуден аса ауыл әлі күнге жарықсыз отыр. Сондай-ақ, жалпы саны алпысқа жуық әлеуметтік нысанға желден зақым келген.     

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде