Жамбыл облысында дүлей желден қираған үйлерді қалпына келтіруге құрылыс материалдары жетпей жатыр
Жамбыл облысы әкімдігінен төтенше жағдайларға қарастырылған қаржы дауылдан келген шығынды жабуға жетпеуі мүмкін. Қазірдің өзінде дүлей жел әкелген шығын 384 млн. теңгені құраған. Бұл көрсеткіштің әлі де өсетін түрі бар. Сондықтан билік өкілдері ішкі істер министірлігіне хат жолдап, резервтік қордан құрылыс заттарын бөлуді сұрап отыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
07.11.2016
Мейірбек Пірәлиев, Жамбыл облысы әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
-Шатырдың жабындылары, шифер, ағаш,сұрадық. Қай ауданға ,қалаға қанша керектігі нақтыланған.
Дауылдан Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы едәуір зардап шеккен. Табиғаттың тосын мінезінен есеңгіреген ел әлі күнге ес жия алатын емес. Осы аймақтарда жарияланған төтенше жағдай әлі күшінде. Ал арнайы құрылған комиссия облыста жалпы саны 454 нысанның бүлінгенін мәлімдеді. Оның 343-і жеке сектордағы баспана, 38-і көпқабатты үйлер болса, 75-і әлеуметтік нысан. Енді қаражат бөлінсе, ең алдымен сол әлеуметтік нысандар қалпына келтірілмек. Тек содан соң ғана жекелеген үйлерге көңіл бөлінеді. Дауылдан жаппай электр сымдары үзіліп, 53 мың түтін тас түнекте қалса, бүгінгі есеппен оның 400-і әлі жарықсыз отыр. Өйткені құзырлы орындар қираған негізгі бағаналарды ауыстырғанымен, ішкі желілерді жалғап біте алмауда. Айта кетейік, өткен бейсенбіде Жамбылда екіпіні секундына 35 метрге дейін жететін жел тұрып, аймақтың астаң-кестеңін шығарған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!