Тұрғындар отқа оранған «Алматы тауерстан» қалай қашып шыққандарын айтты
Алапат өрт 6 адамның өмірін жалмады. Отқа оранған «Алматы тауерс» бизнес орталығының материалдық шығындары әлі есептеліп жатыр. Тілсіз жау аз уақыт ішінде 1800 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Оқиға орнына 7 минут ішінде жеткен төтенше жағдай қызметі тілсіз жаудың одан әрі өршіп кетуіне жол берген жоқ. Бірақ өрттің неден шыққаны белгісіз.
Автор: Ербол Тұрымбет
07.11.2016
«Алматы тауерс» бизнес орталығы кеше кешқұрым отқа оранды. Басты қос мұнарасы аман. Тек соған жапсарласа салынған қосалқы ғимараттың шатыры қызыл жалынның құрсауында қалды. Ал жалын тұтанар сәтте ғимараттың жоғарғы қабатындағы кинотеатрда сеанс басталғалы жатқан екен.
Қайырхан Имаш, оқиға куәгері:
- Біз негізі ойладық әзіл деп. Бір 15-20 минуттан кейін өзіміз иіс сездік, жанған иіс. Содан кейін өзіміз қашып шықтық.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер 7 минутта жеткен. Соның өзінде жалын 1800 шаршы метр аумаққа жайылып үлгерген. Ал оны өшіруге 150 өрт сөндіруші мен 34 техника жұмылдырылды. Одан бөлек, Ұлттық гвардия мен қалалық ІІД өкілдері де атсалысты.
-Кинотеатр мен мейрамханалар орналасқан 6-қабаттың қазір қара күйе қаңқасы ғана қалған. Құтқарушылар ғимараттан 80 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Дегенмен 62-жылғы дәнекерлеуші болып істейтін ер адам қаза тапты. Өрт шыққан сәтте ол сол жерде жұмыс істеп жатқан екен.
Өрттің тұтануының бір себебі осы болуы мүмкін. Құтқарушылар бүгін таңертең тағы 5 адамның мәйітін қирандының астынан аршып алды. Ал полиция кім екендерін анықтап жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
- Қазіргі таңда осы адамдардың өлімінің себеп-салдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Ал бизнес орталығының қазіргі қалпы адам көргісіз. Өртенген шатырдың тек бір бұрышы ғана аман қалыпты. Тағы бір тұсы жоғарғы температураға шыдамай, ішіне қарай опырылып тұр. Әйнектері түгел қираған. Ішкі бөлігінің де сау-тамтығы қалмапты. Темір қаңқадан басқаның бәрі күлге айналған. Осы жерде жұмыс істеген марқұмдардың жатқан орындары да жиналмаған күйі тұр. Бірақ қаза тапқандардың отбасыларына материалдық шығынын өтеу мемлекет емес, жеке компания компанияға жүктелді.
Өрттің шығуына себепші болғандарды анықтау үшін осы оқыс оқиғаға қатысы бар дегендердің бәрі тергелетін болады. Және бір айта кетерлігі, осында орналасқан Қазақстан қор биржасы да төтенше жағдайдан соң уақытша басқа ғимаратқа ауысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!