Сот Тоқтар Төлешовтің қымбат пәтерлерінен бастап жылқыларына дейін тәркіге алды
Атышулы шымкенттік «Сыра королі» 21 жылға сотталды! Бүгін Астанада Тоқтар Төлешовке қатысты сот аяқталып, судья билікті күшпен басып алмақ болған олигархты ұзақ мерзімге түрмеге жіберді. Бар мүлкінен айырылған ірі кәсіпкердің сыбайластары да біраз жыл бостандық көрмейтін болды. Бас прокурордың бұрынғы орынбасары, оңтүстіктің лауазымды полицейі мен Төлешовке мемлекеттің әскери техникасын бергендер де жауапкершіліктен қашып құтыла алған жоқ. Тек жазадан кәсіпкердің ұлы ғана сытылып, сот залынан бостандыққа жіберілді.
Автор: Досжан Маратұлы
07.11.2016
Билікті күшпен басып алмақ болған атышулы Тоқтар Төлешовтің соты екі айға жуық жабық жағдайда өткен еді. Мемлекеттік құпия айтылғандықтан сот залына журналистерге де кіруге тыйым салынған болатын. Бірақ бүгін соңғы отырыс болған соң, есік ашық. Тіпті үлкен зал бөлініпті. Ал үкімді тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Айыпталушы орнында Төлешовтің сыбайластарынан бөлек, ұлы Төлеген Төлешов те отыр.
Ербол Ахметжанов, судья:
-Тоқтар Төлешов кінәлі деп танылып 21 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеп, қылмыстық жолмен келген барлық дүние-мүлкі тәркіленсін.
Әрі шымкенттік кәсіпкердің «полковник» шені мен «құрмет» ордені және жүзден астам қымбат машина, жер телімдері мен элиталық пәтерлері мемлекет есебіне тәркіленді. Ал оның сыбайластары кезінде Бас прокурордың орынбасары болған Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің басшысының бұрынғы орынбасары Ғибратулла Досқалиев та біраз жыл бостандық көрмейтін болды.
Ербол Ахметжанов, судья:
-Ілияс Бақтыбаев кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеп, дүние-мүлкі тәркіленсін. Ғибратула Досқалиев та кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталсын.
Ал Төлешовке ұшақ пен түрлі әскери техникаларды берген әскери бөлім комондирлері әлдеқайда жеңіл жаза алды. Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев 4 және 3 жылға сотталды. Ал есірткі сақтап, ұсақ бұзақылық жасаған сыра королінің ұлы Төлеген Төлешов 5 жыл шартты мерзім алып, зот залынан босатылды. Енді осы уақыт ішінде оның жүріп тұрған жері полицейлердің назарында болады. Бұдан бөлек, оның 30 бас малы мен қымбат көліктері мемлекет меншігіне алынды.
Төлешовке қарақшылық жасаған, қылмыстық топ құрған, адамды заңсыз ұрлап, кісі өлтірген, билікті күштеп басып алмақ болды деген сияқты 16 бап бойынша айыпталған еді. Соның барлығы бойынша кінәлі деп танылған кәсіпкер осы жымысқы ойын іске асыру үшін жер сатуға қарсылық білдірген халықты пайдаланбақ болғанын айтқан еді. Сөйтіп, Атырауда жаппай митинг ұйымдастырып, билікті басып алмақ болған.
Шымкентте жүріп, Ақорданы аңсаған олигарх та, оның адвокаттары да үкімге қатысты жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Сондықтан Төлешовтің аппеляциялық шағым жазар-жазбасы белгісіз. Бірақ арыз түсіруге 15 күн уақыты бар ауқатты кәсіпкер әзірше Ұлттық қауіпсіздік комитетінінің тергеу қапасында болады. Үкім күшіне енген соң ғана түрмеге жіберілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!