Жамбыл облысында жойқын желден келген шығын жарты миллиардқа жетті
Жамбыл облысында жойқын желден келген шығын көлемі күн сайын өсуде. Соңғы мәлімет бойынша, табиғаттың долы мінезінен болған залал құны 470 миллион теңгеге жетті.
Автор: Руслан Әбдіхалық
08.11.2016
Жалпы дауылдан 1754 нысан зақымданса, оның 500-ге жуығы 60-70 пайызға дейін бүлінген. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шенеуніктер төтенше жағдай жарияланған аймақтарда газ, су, жылудан тарыққан ел жоқ деп сендіреді. Бірақ 350 түтін әлі күнге тас түнекте отыруға мәжбүр. Өйткені электр мамандары үзілген сымдарды жалғап біте алмай жатыр. Сондай-ақ, жеке сектордағы жұрттың жайы оңбай тұр. Кей үйлердің төбесін жел ұшырып әкетіп, тіпті баспананың қабырғасына дейін зақымданған. Оны қайта жамауға көбінің шамасы келмей жатыр. Бұқара әкімдіктен жәрдем сұрап зар жылағанымен, көмектің бүгін-ертең болатын түрі жоқ.
Бекболат Орынбеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
-Негізі әркімнің қолында сақтандыру компанияларымен жасалған келісім-шарттары болуы керек. Сол құжаттары қолында болса компания шығындарды өтеп беруі қажет. Тіпті жағдайы төмен отбасы болса олармен арнайы комиссия жұмыс істейді. Ең болмаса бөлінетін қаржылай емес, ағаш, тақтай, шатыр жабындыларымен мүмкіндігінше көмек береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!