Еліміздің бірнеше облысында аяз күшейіп жолдарда апат көбейіп кетті
Еліміздің солтүстігі мен шығыстағы халқы қыстың қытымыр мінезінен зардап шегуде. Мәселен, Павлодарда көктайғақтың кесірінен бір тәулікте жүз шақты тұрғын мертігіп аурухана түссе, облыс аумағында төрт адам жол апатынан көз жұмған. Шығыста да таң атпастан жауған қардың толастар түрі жоқ. Ал Солтүстік Қазақстан облысында күн екі градусқа дейін жылып, қар ери бастаған еді. Бірақ артынан аяз ұрып, сынап бағанасы минус 21 градусты көрсетіп тұр. Синоптиктер ауа райы әлі де мінез танытады деп отыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
10.11.2016
Керекудегі тайғақтан қазір көлік түгілі жаяу адам да әрең жүр. Кешеден бері көк мұзға тайып құлап, жарақат алған жұрт дәрігерлердің көмегіне жүгінуде. Мертіккендерге ем-дом жасаған ақ халаттылар қазірдің өзінде жарақат бөлімінің лық толы екенін айтады.
Ерғанат Шахатов, Павлодар қаласы №1 ауруханасы жарақат бөлімшесінің дәрігері:
– Күніне түрлі жарақат алған жүзге жуық адам түсуде. Көбі қарт адамдар. Мұзға құлағандардың арасында жас балалар да бар. Ең ауыр жарақатты ер адам алған. Ол мұзға оңбай құлап, жамбас сүйегін сындырған.
Ал комуналдық шаруашылық қызметкерлері шаһар көшелерін қардан тазалап әлек. Таңнан бері жолдарға құм мен тұз сепкен олар осылайша қауіптің алдын алуға тырысып жатыр жатыр.
-Күшейтілген режимде жұмыс істеген қала тазалығына жауаптылар Павлодар көшелерінен 7 мың тонна қарды сыртқа шығарып үргерген. Қардан арылу үшін 130 техника мен екі жүзден аса адам жұмылдырылыпты. Ал жергілікті билік болса, енді қармен күрес көбеймесе азаймайды деп отыр.
Ал облыс аумағында көк тайғақтың кесірінен он бес жол апаты болған. Соның ішінде Павлодар-Екібастұз тас жолында Лада мен жүк көлігі соқтығысып, салдарынан төрт адам қаза тапты.
Асқарбек Омаров, Павлодар облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметі басқармасының бастағы:
– Үш адам оқиға орнында көз жұмды. «Ладаның» жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жүк көлігімен соқтығысқан. Көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар «Павлодар-Шідерті» тас жолында қозғалысқа шектеу қойылды.
Ауа-райының қолайсыздығы еліміздің солтүстігі мен шығысының тұрғындарын да есеңгіретіп тастады. Петропавлдағы кешегі жылымықтың арты аязға ұласып, көшелер бүгін көктайғаққа айналған. Ал Өскемендегі толассыз жауған қар шаһардағы көлік қозғалысын тіптен қиындатып жіберді. Трамвай релстері қар астында қалғандықтан олар қозғалысын тоқтатыпты. Ал таңғы кезекшілігіне өз көлігімен бара алмаған тұрғындардың бірі жұмысына сноубордпен сырғанап жүріп жеткен. Мұндай көріністердің әлі де азаймайтын түрі бар. Өйткені алдағы күндері ел аумағында жауын-шашын болып, аяз күшейеді деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!