ОҚО-да зейнетақы қорына ақша аударылмаған дәрігерлер шу шығарды
Бейнетінің зейнетіне жете алмайтын жұрт! Оңтүстік Қазақстандағы Шардара аудандық ауруханасы қызметкерлерінің зейнетақыға деп жалақыдан ұсталатын қаржысы 15 жылдан бері жөнді аударылмай келе жатыр. Екі мыңыншы жылдардың басында бірде-бір дәрігердің есеп-шотына көк тиын аударылмады деген олар қазірдің өзінде әр жыл сайын зейнетақы шотына 3-4 айлап ақша түспей жүргенін айтады. Соның салдарынан не несие рәсімдей алмай, не жөргекпұлға жарымай жүрген олар бұл үшін бас бухгалтерге бас салды. Ал есепшінің өз уәжі бар.
Автор: Бек Әбиев
10.11.2016
Шардаралық дәрігерлер зейнетқы қорымызға 15 жылдан бері ақша дұрыс аударылмайды деп дау шығарды. Айтуларынша, орталық аурухананың 40 жылдан бергі бас есепшісі 1998 жылдан бастап 3-4 жыл мүлдем ақша тастамаған. Ал одан бергісі 3-4 айда бір түседі екен.
Нағима Маңқараева, санитар:
-2007 жылдан істеймін. Осы жылда бір-ақ айым түскен. Қалғандары түспеген 3-4 айда бір 200 теңге түскен. Болды.
Зейнетақы қорына қаржы түспейтіндігін дәрігерлер 6 жыл бұрын біліпті. Құзырлы органдарға арыз жазғандар басшылық тарапынан түрлі қысым көрген. Енді ақ халаттылар зейнетақы шотында қанша қаржы бар екенін тіпті мұрағаттан алдырып біле алмай жүрміз дейді.
-2003-2004 жылғы мәліметтерді жинап бере алмады. Ал, қалған 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі мәліметім жоқ. 6 жыл аралығындағы ақшамның зейнетақы қорымның бар-жоғы белгісіз.
Ал дәрігерлердің айтқандары қып-қызыл жала деген бас бухгалтер өзіне шаң жуытпайды. 40 жылдан бері осы ауруханада есеп-қисап жүргізген Базаркүл Мәмедова салықшылар құжаттардың бәрін түгел тексеріп, титтей де кінә тапқан жоқ деп отыр. Десе де, бірнеше мәрте зейнетақы қорына деген қаржының басқа мақсатта жұмасалғанын растады.
Базаркүл Мәмедова, Шардара аудандық орталық ауруханасының бас бухгалтері:
-Жарыққа төлейміз ақшаны алдымен. Себебі, жарық өшсе өшіп қалса операцияның барлығы тоқтап қалады. Сол себепті, аударғанымыз рас. Сондықтан жеткіліксіз жағдай болды.
Еш кінәм жоқ, сүттен ақ, судан тазамын деген бас бухгалтер өзіне қатысты арыз жазған дәрігерлерді сотқа беруді көздеп отыр. Ал жергілікті салықшылардың 15 жыл бойғы құжаттардан мүлдем мін таппағаны аурухана қызметкерлерінің таңданысын тудырды. Несие мен жөргекпұл ала алмай жүргендер енді аурухана мен салықшылардың өзін тексерсін деп, Астанадағы құзырлы органдарға арызданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!