Елімізде саусақ ізін тапсырудан бас тартқандарға жаппай айыппұл салынбақ
Тіпті дактилоскопиядан өтпегендерге жеке куәлік те берілмейді. Жаңа заң 2021-ші жылдан бастап күшіне енбек. Ал осы даулы шараға дайындықты күшейткен Ішкі Істер министрлігі қазір тиісті құрылғы сатып алу мен штат ашу үшін бюджетке алақан жайып отыр. Сұраған қаржының көлемі де аз емес. Бақандай 37 миллиард теңге. Ал саусақ ізі жеке куәлік немесе төлқұжат берілер кезде алынады. Министрлік оның аса құпия сақталатынына сендіруде.
Автор: Жәудір Оразхан
14.11.2016
Азаматтардың жеке куәлігі 4 жылдан кейін түбегейлі өзгеріп, қайта жаңарады. Әркімнің төлқұжатына қазіргідей суреті мен қолына қоса арнайы чипке саусағының ізі салынбақ. Ол үшін Ішкі істер министрлігі 2021 жылы жұртты жаппай дактилоскопиялық тіркеуден өткізуді жоспарлап отыр. Бас тартқандар бастапқыда 5 мың теңге айыппұл төлейді, ал екінші рет қарсылық білдіргендерге мүлдем куәлік берілмейді.
Рашид Жақыпов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
-Жеке куәлік алу үшін құжат тапсырған кезде электронды түрде саусақ ізі алынады да, орталыққа жіберіледі. Оны мамандар куәлікке тіркейді. Ал аса қауіпті қылмыскерлер мен із-түссіз жоғалып кеткендердің туыстары ДНК да тапсыруға міндетті.
Саусақ ізі кез-келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарында сканерлер арқылы алынады. Ішкі істер министрлігі ол құрылғыларды сатып алуға бюджеттен 37 миллиардқа жуық теңге сұрап отыр. Сондай-ақ миграциялық полицияның штатын да арттырмақ. Саусақ ізі бірінші кезекте адам туралы ақпарат алуға, жалған құжаттан қорғауға және қылмыскерлерді құрықтауға қажет екен.
Зәуреш Аманжанова, Мәжіліс депутаты:
- Банктерде ондай жағдайлар бар. Басқа куәлікпен кейде несие алады. Міне, сондай жан-жақты адамның құқығын қорғау үшін жасалып отыр. Әрине, терроризм, экстремизм, адам жоғалуы, кейде өлікті тапқан кезде, оның кім екенін тексеріп, тездетіп тексеру жұмыстарын жүргізу үшін.
Ішкі істер министрлігіндегілер әр адам туралы ақпаратты құпия ұстаймыз деп сан рет қайталаумен болды. Бірақ бұған илана қоймаған депутаттар азаматтардың саусақ ізі кім көрінгеннің қолында кете ме деп қауіптеніп отыр.
Ирина, Унжакова, Мәжіліс депутаты:
-Сіз азаматтар туралы жеке мәліметтің тарап кетпейтініне сенімдісіз. Ал әлемде аса құпия ақпараттың өзі жарияланып кеткен жағдайлар көп. Сондықтан саусақ ізі туралы мәліметке жауаптылар заң бұзса қандай жазаға тартылады?
Министрліктегілердің айтуынша, біреудің саусақ ізін таратқан, сатқан қызметкер қылмыстық жазаға тартылады екен.
Әзірге Ішкі істер министрлігі әзірлеген заң жобасын депутаттар қарап жатыр. Құжат күшіне неген күннен бастап, 16 жасқа толғандар, куәлігін жоғалтып, қайта тапсырыс бергендер саусақ ізін тапсыруы тіис. Сөйтіп бұл шара 4 жылда кезең-кезеңімен жүзеге асады. Айта кету керек, енді шетелдіктер де шекарада саусақ ізін тіркеуге міндетті. Егер бас тартса, елден аластатылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!