Ақтүтек боран облыс тұрғындарын әлекке салды
Әлек салған ақтүтек боран мен көктайғақтан Шығыс Қазақстан облысында да біршама бағыттағы көлік қозғалысына шектеу қойылды. Сондай-ақ, мектептерде сабақ тоқтатылып, оқушылар мерзімсіз демалысқа шығып жатыр. Ал Қарағандыны қалың қар басып қалды. Түнімен тоқтаусыз жауған ақ ұлпаның көлемі бір айлық мөлшерден асып кеткен. Жергілікті коммуналшылар көшелерді тазалап үлгеретін емес.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.11.2016
Мұндай қалың қар Қарағанды өңіріне көптен бері түскен емес. Соның салдарынан таң атқанша қаладан шығаберіс жолдардағы көлік қозғалысы тоқтатылды. Ал таң атқалы комуналшыларға тыныштық жоқ. Бір айлық мөлшерден аса жауған қарды жақында ғана 1 миллиард теңгеге алған 60 техника тазалап үлгермей жатыр. Орталық пен әкімдіктің маңайынан ұзай алмай жүрген оларды күте-күте шаршаған шалғай көшелердің тұрғындары қар аршуға өздері кірісіп кетіпті.
Ольга Сметанникова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Қар өте ауыр. Шаршап кеттік. Таңнан бері күреп бітпей жатырмыз.
Ал Өскемен мен Семейде жауған қар аралас жаңбырдың соңы бет қаратпайтын ақ түтек боранға ұласты. Көктайғақтан Өскемен- Зырян- Шемонайха күре жолдары жабылған. Өйткені жұрт күре жолды қойып, қала көшелерімен жүруден қалыпты.
-Жер тайғанақ. Жаяу адамдарды өткізу өте қиын. Көлік кептелісі де көп. Сондықтан қала билігіне айтарымыз жолдарға құм сеуіп тазаласа екен.
Өңірде дүлей желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрдан асыпты. Тіпті, кей жерлерде оның екпіні 23-28 метрге жеткен. Соның кесірінен, мектептерде 1 және 9 сынып аралығындағы оқушылар сабақтан босатылды. Бағдарламадан қалмас үшін ұстаздар ғаламтор арқылы оқытуға мәжбүр.
Біржан Бұлабаев, Семей қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Барлық мектептерде интернет бар. Сондықтан ауа райы қолайсыз кезде мұғалімдер балаларды қашықтықтан сабақ бере алады. Оларға үй тапсырмасын жүктеп жұмыс істеу керек.
Синоптиктар боран мен көктайғақтың соңы сақырлаған сары аязбен жалағасады деп отыр. Еліміздің басым аумағында – 30 градусқа дейін күн күрт суытуы ықтимал. Сондықтан мамандар алыс жолға шықпаған жөн деп кеңес беруде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!