Астанада бұрын-соңды болмаған кептелістің кесірінен Үкімет отырысы өтпей қала жаздады
Астанаға жауған қалың қардың кесірінен бүгін Үкімет отырысы өтпей қала жаздады.Премьерден бастап министрлерге дейін қатардағы жүргізушілермен бірге көлік кептелісінде тұрып, жұмысқа кешігіп келген. Есілдің сол жағалауындағы лауазымды шенеуніктер ғана емес, бүгін мыңдаған тұрғын діттеген жеріне уақытында жете алған жоқ. Тұтас Елорданың тіршілігін тұралатып тастаған жайтты Елорда әкімі шамадан тыс жауған қардан көріп отыр.
Автор: Ербол Сейілхан
14.11.2016
Таңертең Астананың қозғалысы мүлдем тоқтап қалды деуге болады. Қаланың оң мен сол жағалауына апаратын жолда көліктер жаппай кептеліп жатыр. Осының кесірінен балалар мектеп пен балабақшаға, науқастар ауруханаға, ал мыңдаған адам жұмысына сағаттап кешікті. Одан қалды жүзден астам апат болып, жағдайды мүлдем ушықтырып жіберген. Тіпті бүгін Үкімет отырысына әрең үлгерген премьер-министр жиынды бастамай тұрып Астана әкіміне бас салды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Жұрттың бәрі түнімен жауған қарға байланысты жұмысқа кешігіп келіп жатыр. Біздің де отырысымыз кешігіп өтіп жатыр. Қысқа дайындық болмаған сияқты. Әсет Өрентайұлы,сіз Астана әкімі ретінде алғашқы қысты қарсы алып отырсыз. Сынақтан өту керек.
Бірақ алғашқы қыстан қысылып отырған Исекешов жоқ. Түнімен кірпік ілмей жолдарды басып салған ақ ұлпаны аршуға 400-ден астам техника мен жүздеген жұмысшыны жұмылдырғанын айтты.
Әсет Исекешов, Астана қаласының әкімі:
-Әрине, мұқият дайындалдық. Бірақ аяқасты ауа-райы күрт өзгеріп кетті ғой. Қарап отырғанымыз жоқ. Түнгі екіден бастап жолдарды қардан тазартып жатырмыз.
«Қысқа дайын еместігін» ақыры мойындамаған Исекешов бар пәлені тым артық түскен қардан көріп отыр. Десе де, алдымен Есілдің сол жағалауы мен басты даңғылдар аршылуда. Коммуналдық мекемелердің техникалары үлгерген жеріне дейін жетіп, тонналаған қарды қала сыртына шығарып үлгере алар емес.
-Төк мында.
Шамадан екі есе артық жауған қар жүргізушілердің ғана жүйкесін жұқартып жатқан жоқ. Ақ ұлпа мұз боп қатқандықтан тайып жығылып қол-аяғын сындырғандар Астананың ауруханасына сияр емес. Бүгіннің өзінде мұнда 100-ден астам адам көмек сұрап келген. Дәрігерлер ауыр жарақат алғандарды палатаға жатқызсса, қалғандарына гип салып үйлеріне қайтарып жатыр. Өйткені, орын жоқ.
Толассыз жауған қарға бола тіршілігі тұралап қалған бас қаланың әзірге басынан дау арылмайтын секілді. Оның үстіне синоптиктер қыс қаһарына мініп, қарлы боранның енді күш алатынын айтады. Сондықтан Астана әкімі Әсет Исекешов техникасын сайлап отырмаса, қыс бойы тоқпақтың астында қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!