{metadescription}

Оңтүстікте мүгедектер мен жалғызбасты аналар күн суықта далада қалғалы тұр

Шардара қаласында 16 жылдан бері өз үйі жоқ 14 отбасы тұрып жатқан ескі ғимарат жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Әкімдік амалсыздан осындаға 8 шаңыраққа уақытша баспана тауып бергенімен, дені мүгедектер мен жалғызбасты аналардан тұратын 6 отбасына қол ұшын созбаған. Билікке мойын соза-соза жәутеңдеген жарымжандар қыс түскенде далада қаламыз ба деп уайым жеп жүр.

Ерлі-зайыпты Мәлік пен Гүлжамал үйленгелі осында тұрады. Біреуі өкпе дертіне шалдыққан, екіншісінің туылғалы аяғының ақсақтығына байланысты екінші топтағы мүгедектер санатында. Баспанасыз жүрген оларды 2010 жылы жергілікті әкімдік осында орналастырған екен. Әйтсе де, осыдан үш апта бұрын келген шенеуніктер бір бөлмелі баспананы босататын уақыт жеткенін айтыпты.

Мәлік Бектаев, Шардара қаласының тұрғыны:

 -Біреу сатып алды дейді. Баратын жеріміз жоқ. Туған-туысқа сыймаймыз біз. 2-ші топ мүгедекпіз . Ештеңені ашып айтпайды.

Ал әкімдік уақытша баспана тауып берген 8 отбасы болса жүгін жинап жаңа мекенге көшуде. Талай жыл балабақшаның ескі ғимаратында қоңсы қонып келгендерге жұртта қалған алты отбасы қызғанышпен қарайды. Содан болар, көршілер бір-бірімен сөйлесуден қалған.

Райхан Ибрагимова, Шардара қаласының тұрғыны:

-Олар кетіп жатқанда көңіліміз бұзылып, ыңғайсыз сезініп қалдық.

Қала билігінің өздері де алты отбасының қайда қоныстанатынын білмейді. Бірақ далада қалмайды деп сендірді. Ал қазіргі тұрып жатқан ескі балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп мектепке дейінгі даярлық орталығы етпекші екен.

Бөгенбай Сүйетов, Шардара қаласы әкімінің орынбасары:

-Бұл жерде біреуін училищеге, біреуін медициналық мекемеге дайындап көреміз. Оны енді аудан әкімі шешеді.

Далада қалдырмаймыз дегенмен де шардаралық шенеуніктер олардың баспана мәселесін түбегейлі шешіп бере алмаймыз деп отыр. Керісінше, бір ай ішінде жарымжан отбасыларды ескі балабақшадан толық көшірмекші. Ал келесі жылы 40 пәтерлік үй салынатынын және Шардарада 800-ге тарта адамның кезекте тұрғанын ескерсек мұндағы жұрттың әлі талай жыл ескі ғимараттарда күн көруіне тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде