Шығыста жолаушыға лық толы автобус қақаған боранда жолда қалып қойды
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына қаһарлы қыс келді. Бүгін қос өңірде сары шұнақ аяз тұрып, мектептер мен колледждерде сабақ тоқтаған. Ал сүйектен өтетін суыққа адам түгілі темір де шыдас бермей жатыр. Құтқарушылар бір күнде Омбыға бағыт алған үш бірдей автобустың жолда қалғанын айтады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
16.11.2016
Павлодарлықтарды саршұнақ аяз қысып-ақ тұр. Осы себепті құтқарушылар жол бойында күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселен, үскірік аязда Омбыға бағыт алған үш бірдей автобус діттеген жеріне жетпей қалған. Орта жолдан қайтқан жолаушылар құтарушылардың көмегімен жақын маңдағы елді мекендерге жеткізіліпті. Олардың қатарында 15 Қырғызстан азаматы мен 4 бала бар.
Асқарбек Омаров, Павлодар облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-Ең бірінші себеп автобустардың тоқтауы ол жазғы жанармайға байланысты. Сондықтан кісілер жылы болғанда өздері өтіп кетеміз деп ойлаған ғой. Жазғы жанармайдың себебінен автобустардың қирауы болған.
Ал Шығыс Қазақстанда бораннан адам жоғалып жатыр. Мысалы, семейлік 50 жастағы малшы адасып кетіп, құтқарушылардың арқасында аман қалыпты. Атпалдай азамат қарлы боранның салдарынан қыстағын таба алмай қалған. Сондай-ақ, білім ошақтары да қатты аяздың ығына жығылуға мәжбүр. Қазір мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2-курстары мерзімсіз демалысқа шығып жатыр. Және де педагогтар ата-аналарға абай болуды ескертуде.
Біржан Бұлабаев, Семей қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Енді мектепке жақын жерде тұратын балалар болады. Олар мектепке келетін болса, ұстаздары оқушыларды қарсалып сабақ өткізуі тиіс. Үйлеріне өздерін жібере салмай ата- аналарына хабарласып қолдарына тапсырып беру керек.
Өскемен қаласы да қаһарлы қыстың қыспағында қалды. Мұнда да оқу тоқтатылып, тіпті, жергілікті билік те тырп ете алмай отыр. Яғни, жыл сайын республика бойынша бірінші болып құрылатын 22 метр жаңа жылдық шыршаны безендіруге аяз мұрша берер емес. Еліміздің бірнеше аймағында күннің осылайша кенеттен сууын мамандар Қара теңіз үстінде өте салқын антициклонның түзілуінен көріп отыр. Синоптиктердің айтуынша, апта бойы аяз қысып, сынап бағанасы -40 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!