Павлодарда 5 миллионға салынған екі орындық әжетхана жұрттың түсінбестігін туғызды
Павлодарда ең қымбат дәретхана ашылды. Орталық жағалауда қойылған екі орындық әжетхананың құрылысына 5 жарым миллион теңге жұмсалған. Бірақ осынша қаржы кеткеніне қоғам белсенділерінің сенгісі жоқ. Сондықтан олар іске құзырлы органдарды араластыру қажет дейді.
Автор: Әйгерім Шакаманова
17.11.2016
Құрылысына миллиондар құйылған дәретхана Павлодардың орталық жағалауынан орын тепкен. Ішінде жылу, жарық, ыстық су да бар. Темір кабиналардағы былықты жуып-шаюдан шаршаған шенеуніктер шаһар тазалығын сақтау үшін осындай қадамға барыпты.
-Бес миллионға салынған дәретханада жағымсыз иістерді тартып алатын арнайы құрылғы да орнатылған. Құрылғылардың арасында шетелдік өнімдер де жоқ емес. Жұрттың қамын ойлаған шенеуніктер аязға қарамастан қазір мұнда су мен жылы желілерін тартып қойған.
Су жаңа дәретхананың тазалығына мұндағы кассир жауапты. Әзірге әжетхана құны жиырма теңгеге бекітіліп отыр. Ол қыстыгүні кешкі сағат тоғызда жабылса, жазда түнгі он бірге дейін жұмыс істемек.
Асылхан Көпешев, Павлодар қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Бүгіннен бастап түскі уақыттан бастап сағат сегіз, тоғызға дейін жұмыс істейді. Бес жарым миллион бағасы мынаның, суын қосқанда кәрізін қосқанда жарығын бәрін. Біз ойлаймыз бұл қымбат емес. Мынау енді екі жылда өзін оправдать должен.
Қайта бастапқыда 7 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған әкімдіктегілер кейін біраз үнемдеуді жөн санап, дәретхана үшін бюджеттен 5 миллион 400 мың теңге бөлінген. Тек мұны естігенде дәретхананы жасауға осынша ақша кетті дегенге сенбейді.
Юрий Павленко, құқық қорғаушы:
- Дағдарыс кезінде 5 миллионға дәретхана салу орынсыз шығын. Өңірде балалар мен ересектер онкологиялық ауруларға шалдығуда. Артық ақшалары болса, неге соларға бөлмейді?Қаржының қалай, қайда кеткенін құзырлы органдар тексерсін.
Ал әкімдіктегілер қазір нысанды кімнің меншігіне береміз деп бас қатыруда. Айтуларынша, бюджет қаржысына салынған дәретхана жеке қолға да берілуі мүмкін. Сондай-ақ, қымбат дәретхананың қауіпсіздігі үшін мұнда күзетші қойылмақ. Әрі алдағы уақытта Павлодардың ірі саябақтарында осы тектес бірнеше нысан тұрғызылады деп жоспарлануда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!