Оңтүстікте пәтер кезегінен алынып тасталған жұрт шу шығарды
Оңтүстік Қазақстанда мүгедек отбасылар үй кезегінен алынып тасталған. Созақ ауданында тұратын олар бұл туралы былтыр ғана біліпті. Аудан басшыларына мұңын шағып барғанда, атқамінерлер «әр мүгедекке үй беру біздің міндет емес» деп шығарып салған. Апатты жағдайдағы көне ғимаратта өлместің күйін кешіп жүрген жарымжан жанұялардың хәлін тілшіміз Бек Әбиев көріп келді.
Автор: Бек Әбиев
17.11.2016
-Бұл ғимаратта созақтық шенеуніктердің назарынан тыс қалған бір топ мүгедек отбасы тұрады. Тұрғызылғанына 40 жылдан асқан ғимаратқа 5 жыл бұрын билік 7 отбасын уақытша деп кіргізген екен. Содан бері жергілікті әкімдік жарымжан жанұялар туралы тарс ұмытқан.
Екі қабатты үйдің сырты бүтін көрінгенімен, іші адам шошырлық. Көк басып, қақырап тұрған қабырғалар, сояудай шыққан электр сымдары онсыз да сүреңсіз үйдің берекесін кетіріп тұр. Оған қоса қыс бойы жағылатын керосин иісі ғимаратқа кіргеннен қолқаны қабады.
-Далаға кіріп шыға алмайды міне. Тас соқыр.
Жоғарғы қабаттағы мүгедектер ескі ғимараттың баспалдағынан түсе алмай, үйлерінде айлап қамалады. Ол аздай, осы жерге жарымжандарды уақытша тұрыңдар деп кіргізген әкімдік бір жылдан соң еш ескертпестен үй кезегінен шығарып тастаған. Арыз айтып барғандарға құлақ та аспапты.
Серік Тілегенұлы, Шолаққорған ауылының тұрғыны:
-Мен беруге міндетті емеспін, кезінде алдыңдар деп шығарып жіберді. Сонда біз не істеуіміз керек?
Міндетті емеспін деп мүгедектерге жүре жауап қатқан Мақсат Исаев осы ауданның әкімі. Алайда ол, бар былыққа өзінің алдындағы әкімді кінәлады. Мүгедектерге дөрекілік көрсетпедім деген шенеунік, тіпті олар үшін демеушілер есебінен қыс бойы жылуды тегін тартып бергенін алға тартты. Ал баспана мәселесі жуық арада шешілмейді деп ашық айтып отыр.
Мақсат Исаев, Созақ ауданының әкімі:
-Салынып жатқан үйлерден бере алмаймыз. Себебі, қазір үйлеріңіз бар. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен басқа кеңейтілген үйлер сатып алуға мүмкіндік қарастырайық деп айтқан уәдем бар. Ол азаматтардың мүгедектігін ескеріп, жер үйге ауыстыруға әрекет жасап берейік дегенмін.
Бір айдан соң 50 отбасына арналған жекеменшік үйлер берілмекші. Келесі жылы үй кезегінде тұрған тағы 20 отбасына үй беріледі екен. Бірақ кезектен шығарылған шолаққорғандық мүгедектер бұл тізімде жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!