Екі бірдей бүлдіршінге кореялық дәрігерлер тегін операция жасады
Шипа іздеп шекара асты! Дертіне дауа таппай, оның ақысын қалтасы да көтермей жүрген екі бірдей бүлдіршінге кореялық дәрігерлер тегін операция жасады. Баланың бірі туабітті жүрек ауруының кесірінен жүруден, ал екіншісі өңешіндегі ісіктен дауысы шықпай, сөйлеуден қалған. Синчон Северанс клиникасының білікті хирургтері осы екі күрделі операцияны да қайырымдылық акциясы аясында ақысыз жасап отыр. Әрі сырқат балаларды Қазақстанға сұрау салып, өздері тапқан.
Автор: Артур Ізбасов
18.11.2016
Кореяда емдеу мекемелерінің көбі ең үздік оқу орындарының базасында құрылған. Сондай мақтаулы ауруханалардың бірі – осы Синчон Северанс клиникасы. Кореяда ғана емес, әлемге танымал емдеу орнына дертіне дауа іздегендер дүниенің төрт бұрышынан ағылып жатады. Мұнда білікті мамандар жылына 12 мыңнан аса операция жасайды екен. Әрине, сапасына сай бағасы да арзан емес. Дегенмен, клиника қайырымдылық мақсатында әркез тегін гранттар бөліп тұрады. Сондай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – тараздық Асылым Даниярқызы. 9 жасар жеткіншектің өңешінде ісік пайда болып, дауысы шықпай қалған. Кореяның KHIDI денсаулық индустрия даму институтының да көп көмегі тиді.
Ким Вон Шик, Йонсей университеті жанындағы клиниканың профессоры, отоларинголог:
-Қыздың диагнозы папилламотоз, яғни өңешінде ісік бар. Соның салдарынан дауысы шықпай қалған. Әрі еркін тыныс алу да қиын. Мұндай операциялар күрделі. Өйткені, сәл қиыс кетсе, баланың дауысына өмір бойы кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан отаны лазермен жасадық.
Асылымға отаны бұған дейін отандық мамандар да жасаған. Бірақ одан нәтиже болмапты. Кәріс дәрігерлері де 100 пайыз кепілдік берген жоқ. Десе де, енді күтініп, ем-домын дер кезінде жасап тұрса толық айығуға болады дейді. Операция бұл жолы сәтті шықты деген соң, «қызым қатарынан қалып қоя ма» деп алаңдаған анасының да көңілі орнына түскендей. "Smart Med Service", компаниясы сырқат балаларды іздеп тауып тілмаштық қызмет атқарды.
Рыскүл Бабажанова, Асылымның анасы:
-Өңешіне ет өскен, соны лазермен алып тастады. Бұған дейін операция Алматыда істелген. Енді шықпайтын шығар деп ойлаймын. Қазір қызымның жағдайы жақсы.
Таңдаулы клиникада тегін емделу мүмкіндігі Шығыс Қазақстаннан келген 4 жасар Мансұрға да бұйырды. Жүрек ақауымен туған баланың жағдайы әлдеқайда ауырлау. Көз ашқалы көргені аурухана. Екі рет жүрегіне операция жасалған бүлдіршін дәрігерлерден әбден шошынып қалған. Оның үстіне жақында тағы ДЦП деген диагноз қойылыпты. Әбден әлсіреп қалған Мансұр төрттен асса да әлі өздігімен жүре алмайды.
Синчон клиникасының дәрігерлері баланы емдеуге болады деген сенімде. Бұл жолғы операциядан кейін Мансұр аяғынан тұрып, құлан таза айықпаса да қатарға қосылады деп отыр мамандар. Ал туғалы кетпейтін кесел, бітпейтін дәріден әбден мезі болған қос бүлдіршіннің де армандары бір екен. Ол – болашақта білікті дәрігер болып, өздері сияқты сырқат балаларды емдеу! Мансұрға Кореяның Кардиологиялық Қоры да демеушілік жасап көп көмектесті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!