Семейде орталық жылу жүйесіне қосыла алмай отырған жұрт шу шығарды
Қос қабатты үйдің тұрғындары 16 жылдан бері пәтерлерінде от жағып, көмір тасып әлек. Ал ретсіз салынған сол пештердің кесірінен соңғы кезде төтенше жағдайлар да жиілеген. Алайда осы күнге дейін жұртты әне-міне орталық жүйеге қосамыз деп келген жауапты орындар техникалық қиындықтар барын алға тартады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.11.2016
-Мұндағы 16 пәтер 2000 жылы орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Оған сол кездегі тұрғындардың белшеден батқан берешегі себеп. Бүгінде олардың басым бөлігі көшіп кетіпті. Енді пәтерге ие болған жаңа қожайындар орталық жылу жүйесіне жарымай отыр. Жұрт қайта қостыру үшін талай табалдырық тоздырған. Бірақ өздеріне қол ұшын созатын шенеунік табылмағанына қапалы.
Солардың бірі – Майра Тоқтағанова таңның атысы, кештің батысы пешіне көмір қалап әлек. Оның өзін сақтайтын сарайы болмағандықтан тонналап ала алмаған. Ал сатып алған 4 қабы екі аптаға әрең жетеді екен. Сондықтан айына отынның өзіне15 мың теңге жұмсау – қалтаға ауыр деген ол жергілікті әкімдіктің әрекетсіздігіне наразы.
Майра Тоқтағанова, Семей қаласының тұрғыны:
-Бізді ары-бері сенделтіп мезі етті. Бір барған жерімізге екі рет жұмсайды. Ақырында өздері әкім 2 млн қарастырды деп айтқан еді. Бірақ ол ақшаның шетін де көрмедік. Егер орталық жылу жүйесіне қосып берсе, кешіктірмей төлеп отыруға дайынбыз.
Ал ыстық күлді дәлізге шығаратын тұрғындар талай мәрте тірідей жанып кете жаздаған. Мұндай оқиға осыдан бір күн бұрын түн жарымда болыпты. Құдай сақтап, шырт ұйқыда жатқан тұрғындардың бірі оянып, бықсыған ағаш еденді өшіріп үлгерген.
-Міне, күл түседі. Дәліз кір. Ыстықтай шығарғаннан барлығы күйіп кеткен.
Қос қабатты үйдің жылуына қатысты техникалық құжат қолға түскенде жұрт қуанғандарын жасырмады. Тіпті, мұны көрген кейбіреулері өз қаражаттарымен пәтерлеріне жылу батареяларын орнатып қойыпты. Алайда, олардың қуанышын мамандар су сепкендей басты.
Аслан Оқасов, «Теплокоммунэнерго» МКК техникалық директорының орынбасары:
-Қала бойынша 5-ші, қазанда жылу жүйесін жүргізу деген бұйрық шықты. Біз барлығын жылуға сол кезде қосып тастадық. Сондықтан біздің өшіруге құқымыз жоқ. Қазір ол үйді қоса алмаймыз. Оны қосу үшін сол ықшамаудандағы барлық үйді өшіру қажет.
Осылайша, орталық жылуға қосылу жыры келесі жылдың еншісіне қалды. Оның өзінде мамандар жылу құбырын үйге дейін ғана жеткізіп бермек. Өйткені баспанада жертөле қарастырылмаған. Сондықтан қалғанын тұрғындардың өздері жалғастыру керек. Ал оған жұмсалатын қаражатты қалталарынан шығаруға тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!