Елімізде аязға байланысты ұшақпен ұшу мүмкін болмай қалды
Қолайсыз ауа райына байланысты еліміздің бірнеше қалаларында ұшақтар көкке көтеріле алмай, жұрт жолынан қалды. Алматы, Астана, Атырау және Орал әуежайларында жоғары атмосфералық қысымға байланысты кешеден бері «Эйр Астананың» 18 рейсі кейінге қалған.
Автор: Олжас Байжан
21.11.2016
Салтанат Жетібаева:
-«Эйр Астанамен» ұша алмай жүрген адам көп. Көбі қонақүйлерде, мұнда енді келіп жатыр. Бізге ешқандай ақпарат бермейді, тек ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылғанын айтты. Бірақ басқа әуе компанияларының ұшақтары Астана мен Алматыға ұшып жатыр.
Ал «Эйр Астанадағылар» бірқатар ішкі рейстердің тоқтатылуы ұшақтардың жоғары қысымда ұша алмайтынымен байланыстырып отыр. Қазір 4 қаладағы әуежайда ауа райының жақсаруын шамамен 150-ге тарта адам күтуде. Оларға жатын орын, ыстық тамақ беріліпті. Ал кейбірі кеңсені торуылдап, билеттерін кейінгі рейстерге ауыстыртып әлек. Өйткені, рейстердің қашан кесте бойынша ұшатынын «Эйр Астана» компаниясындағылар да нақты айта алмай отыр.
Тілек Әбдірахимов, «Air astana» әуе компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері:
– Бүгін атмосфералық қысым өзгереді деген ешқандай болжам жоқ. Ертеңге дейін күтеміз. Осы рейстің жолаушылары тегін, айыппұлсыз билеттерінің құнын қайтара алады немесе ұшу күнін немесе басқа бағыттағы ішкі рейспен ұшуға мүмкіндігі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!