{metadescription}
Алматы қалың қардан қалай тазартылып жатыр?
Алматы қалың қардан қалай тазартылып жатыр?

Алматы қалың қардан қалай тазартылып жатыр?

Төрт жарым мың жұмысшы мен 800-ден астам техника Алматыда жауған қарды тазалап үлгермей жатыр. Екі күн қатарынан үздіксіз жауған ақ ұлпаның қалыңдығы 60 см-ге жетіп, қаланың бүкіл коммуналдық қызметін аяғынан тік тұрғызды. Одан бөлек, құрылыс саласына қатысы бар деген кәсіпорындар, әскерилер мен студенттерге дейін жұмылдырылған.

Мұндай жағдайды дәл қазір Алматының қай бұрышынан да көруге болады. Көлігін қардан шыға алмай әлектенгендер көптің көмегіне зәру. Ал қолайсыз жағдайға тап болған жүргізушілердің өкпесі қара қазандай.

Айдар Ахметов, көлік жүргізушісі:

-Жағдайды көріп отырмыз. Орталық бөлігін әрең тазалап үлгеріп жатыр. Ал шеткері аймақтар сол күйі қардан аршылмаған. Аяқ алып жүру мүмкін емес.

Қалың қардың арты апатты жағдайға соқтырмай қоймады. «Барахолкадағы» «Байсат» базарының шатыры ауыр салмаққа шыдас бермей, опырылған. Оқиға орнынан екі адам ауруханаға жеткізілді. Ал Шымбұлақта адамды бойлайтын күртік қар үйшікті басып қалған. Коммуналдық мекемелер ұйқы көрмей жұмыс істесе де, көшелерді түгел тазалап үлгермей жатыр. Қала билігінің бұл қауқарын көрген қарапайым жұртшылық қолғабыс етуге көшкен. Мейрамханалар тыным таппаған қар тазалаушыларға тегін тамақ үлестіріпті.

Константин Авершин, Қазақстан мейрамханалар қауымдастығының вице-президенті:

-Екі күн жұмыс істеп жатқандарға ыстық тамақ керек екенін ұқтық. Содан, 7 мейрамхана қосылып, 400-дей адамға арнап ас дайындадық. Хабарсыз қалған мейрамханалар естіп, енді олар да үлес қосқысы кеп жатыр.

Сонымен қатар, жекелеген кәсіпорындар да техникаларын іске қосқан. Ал жоғары оқу орындары студенттерін сенбілікке шығаруда.

Айбек Амангелдиев, студент:

-Төрт факультеттің студенттері істеп жатырмыз бұл жақта. 200 шақты студент болатын болар. Әркім жан-жаққа кетті, үш жаққа бөлініп істеп жатырмыз. Мұнда 1,2,3-курстың студенттері істеп жатыр.

Қазірге дейін қаладан 53 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Одан бөлек, арнайы дайындалған мыңдаған тонна құм көшелерге төгіліпті. Ал білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен пәтер иелері кооперативтерінен 9 мыңнан астам адам қолына күрек ұстап, қар тазалауда.

Елдар Келдібаев, Алматы қалалық Табиғи ресурстар басқармасының басшысы:

-Қаланың өзінде 60 см қар түсті. Ол орташа деңгейден үш есе жоғары. Қар тазалауға барлық құрылымдарды жұмылдырып жатырмыз. 4 жарым мың жұмысшы мен 800 техника үздіксіз жұмыс істеуде.

Соңғы күндері қаланы ақ ұлпаның басып қалғаны сонша, білетіндер мұндай жағдай соңғы рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында болған деседі. Ал бұл жолы қаланың коммуналдық қызметі үшін сын сағаты әлі біраз жалғасатын сияқты. Өйткені осы аптаның өзінде күн -21-ге дейін суытып, қар түсуі ықтимал деп болжануда. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.