{metadescription}
Қар астында қалып, тіршілігі тұралаған аймақтардың мәселесі Үкіметке жетті
Қар астында қалып, тіршілігі тұралаған аймақтардың мәселесі Үкіметке жетті

Қар астында қалып, тіршілігі тұралаған аймақтардың мәселесі Үкіметке жетті

Бүгін премьер-министр қақаған аязда тұрғындарды жылусыз қалдырған облыс әкімдерін сынға алды. Бақытжан Сағынтаев әсіресе, Алматы, Ақмола, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарының қысқа өз деңгейінде қамданбағанына көңілі толған жоқ. Түйткілді тезірек шешуге пәрмен берген премьер тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылусыз қалдырған шенеуніктердің басымен жауап беретінін қатал ескертті. Сондай-ақ, республикалық маңызды тас жолдарды дер кезінде тазартуды мықтап тапсырды.

Табиғаттың тосын мінезі Үкіметті де тосын жайтқа әркез дайын болуға міндеттейді. Қалың түскен қар мен саршұнақ аяз аймақтардың тұтас тіршілігін тұралатып тастап жатыр. Әсіресе, Қарағанды, Павлодар, Петропавл мен Астананы қыс аяп жатқан жоқ. Бүгін Министрлер кабинетін тегіс жинап, облыс әкімдерімен интернетпен тілдескен премьер Сағынтаев тағы күшке мінді. Сөйтіп ала жаздай арқаны кеңге салғандарды сыбап алды.

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-министрі:

-Жылыту мәселесін біз Үкіметтің бір қатар кеңестерінде қарадық. Селектрлік отырыстарда да қарап өттік. Осы мәселе көтерілгенде әкімдердің тарапынан дайындық ойдағыдай деп айтылған болатын. Бірақ жылу қазандықтары істен шығып, әлеуметтік нысандарға жылу беру мәселесі тоқтап тұр.

Үкімет басшысы әсіресе Алматы әкімі Бауыржан Байбекті сұрақтың астына алды. Әдетте, климаты жылы, қысы кеш келетін қалаға нормадан үш есе артық қар түскен. Шаһар басшысы осы ақұлпаны аршуға коммуналдық қызметтің үлгермей жатқанын мойындады. Шеткі аудандарды айтпағанда, орталық көшелердің өзі толық тазартылмаған. Сондықтан көмектің келерінен үміт үзген алматылықтар қолдарына күрек алып көшені өздері тазартуға мәжбүр.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

-Қаланы қардан тазартуға көмектескен тұрғындарға алғысым шексіз. Өйткені, 4 күн бойы тоқтамай жауған қардың қалыңдығы 60-80 сантиметрге дейін жетті. Сондықтан бюджеттен қосымша 400 миллион бөлдік. Осы ақшаға жұмысшылардың жалақысын да көтереміз.

Алматыға қарағанда, Шығыс Қазақстандағы ахуал қиын. Зырян қаласында жүздеген тұрғын  үйлерінде  әлі бүрсеңдеп отыр. Өйткені, 6 ай бұрын жылу құбырлары ауыстырылғанымен, сол күйі көмілмеген. Жергілікті атқамінерлердің салғырттығынан шала-шарпы істелген шаруаны реттеуге облыс әкімінің өзі кірісіпті. Үлкен даудан соң Даниал Ахметов бұл мәселе алдағы үш күнде шешіледі деп сендіріп отыр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

-Бұл істі бақылауға алдық. Жақын күндері мәселе толық шешіледі. Жергілікті әкімге тапсырма бергенмін. Олар өздері жөндеу жүргізіп, жұмысты аяқтайды.

Ал премьер Бақытжан Сағынтаев қысқа дұрыс қамданбаған әкімдерді қатал жазалайтынын ескертті. Ең алдымен тұрғын үйлер, аурухана, балабақша мен мектептердің жылусыз қалмауын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бірақ бүгін оңай құтылған аймақ басшыларының сыналар шағы алда. Себебі қыс қаһарына енді міне бастағанын ескерсек, істен шыққан қазандық пен күрелмеген қар әкімдердің әлі талай жүйкесін жұқартары сөзссіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде