Павлодар облысында жалақы алмаған жұмысшылар шу шығарды
Жарты жылдан бері жалақы көрмеген! Павлодар облысында қиыршық тас шығаратын зауыт жұмысшыларының маңдай тер ақыларын ала алмай жүр. Бұған дейін жұмыстың азайғанын ескертіп, жұртқа жалақының елу пайызын төлеуге уәде еткен басшылық кейін мұнысынан да айнып қалыпты. Қазір жұмысы мүлдем тоқтаған кәсіпорын қаңырап бос тұр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
23.11.2016
-Қиыршық тас өндіретін мына зауыт 6 айдан бері өз жұмысын тоқтатқан. Оған себеп зауыт басшыларының жұмысшыларына жалақы төлей алмауы болып отыр. Тіпті жарық пен суға төлем жасалмағандықтан мүлдем қаңырап қалған кәсіпорын жұмысшылары енді қайда барарын білмей дал.
Уақытылы ақша алмағасын еңбеккерлердің көбі тұрмыс тауқыметін тартып жүр. Мәселен, үшінші дәрежелі ұста Әділ Асылхан қиыршық тас өндіретін зауытта он жылдан бері қызмет етеді. Енді міне жарты жыл жалақы алмаған отағасы «үйдегі жұбайым мен үш баламның бетіне қараудан қалдым» деп отыр.
Әділ Асылхан, жұмысшы:
КТМ:
-Үш балам бар, өзім жұмыс істемеймін. Әйелімнің еңбекақысына ғана қарап отырмын. Кредитім үш ай болды төленбегелі. Күнде мазалап жатыр.Алла білсін не істейтінімізді. Өлу керек шығар.
Зауытта еңбек еткен жүзге жуық жұмысшының да жағдайы осындай. Бастапқыда зауыт басшылығы жалақыларының елу пайызын төлеуге сөз беріпті. Кейін кәсіпорында жұмыс тоқтап, олар мұнысынан да айнып қалған. Ал жұмысшылар жергілікті билік шара қолдану керек деп санайды.
Ал зауыт басшылары бұл жағдайға өзгелерді кінәлап отыр. Яғни, «Екібастұз-Шідерті» жолын жөндеуге тонналап қиыршық тас алған ирандық компания қарызын бермей жүр екен. Бұлар енді миллиондаған алашағын сот арқылы өндіріп алмақшы.
Алмаз Ахметов, Шідерті қиыршық тас зауытының бас инженері:
-Бір жылдай оларға тас бердік, бірақ ешқандай ақша ала алмадық. 200 миллионнан астам қарыз бар. Облыс әкімшілігінен көмек сұрадық, ол кісілерге рахмет. Екібастұз қала әкімдігінен көмек сұрадық, прокуратура жаққа көмек беріп жатыр.
Сотта жеңіп, қарыз қайтарылған күннің өзінде ирандықтар төлеуі керек 200 миллион теңге жырттыққа жамау бола алмайын деп тұр. Себебі, зауыт жұмысшыларына 800 миллион теңге қарыз. Ал желтоқсанға дейін күтеміз деп тарасқан жұрт жағдай өзгермесе, ереуілге шығуыға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!