Балиеваның балаға дауыс көтеріп ұрмауға қатысты бастамасы ата-аналардың түсінбестігін туғызды
Баласына дауыс көтеріп, шапалақпен ұрған ата-ана бұдан былай түрмеге жабылуы мүмкін. Балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен заңға осындай өзгеріс енгізіп, ұл-қыздарға ұрсып, қол көтеруді зорлық көрсетумен теңестіруді ұсынды. Бірақ, депутат Балиеваның бастамасына қазірден қарсы шығып жатқандар көп. Өйткені, оң-солын білу үшін балаға дауыс көтеруге тура келеді дейді ата-аналар. Психологтар да заңның тиісті деңгейде жұмыс істейтініне күмәнмен қарап отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
23.11.2016
Елімізде бейкүнә балалардың аяусыз соққыға жығылуы, педофилдердің құрбанына айналуы депутаттарды шошытып отыр. Сондықтан бала тәрбиесіне қатысты заңды дереу күшейткен жөн деп есептейді олар. Ұсыныстары заңмен бекітілсе, енді ата-аналарға баласын тезге салу үшін шапалақпен соғып, тіпті, жекіп ұрсуға да тыйым салынуы мүмкін. Яғни, дауыс көтеру мен қол жұмсау зорлық көрсетумен тең болмақ.
Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:
-Қоғамда зорлық-зомбылық болмауы үшін оның не екенін түсінуіміз керек. Балаға ұрсып, қол көтеру нағыз зорлық. Осыны заңмен бекіту керек. Баласын ұрғандарды жазалау керек.
Тіпті, Зағипа Балиева қазір тиісті құжаттарды жинап, заңды әзірлеп жатыр екен. Бірақ, мәжілісменнің мұндай бастамасына қазірден қарсы шығып жатқандар бар.
-Мынау қандай түс?
-Көк,
-Ал, мынау қандай түс?
-Қызыл.
Айжан Темірбаева 2 жастағы Ханиса есімді бүлдіршіннің анасы. Балаға қолының ұшы тиген ата-ананы жаппай жазалау дұрыс емес дейді. Айжанның ойынша, бала тәрбиесінде екі әдіс қолдану қажет. Әуелі ақыл айтып, тәрбиеге салу. Ал, егер тіл алмаса қатулы қабақпен тәртіпке салуға болады.
Айжан Темірбаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Балаға қол тигіземіз ақырындап қана. Ол да пайдалы әдіс деп есептеймін. Өйткені, бала қателігін түсінеді. Оны қайталамауға тырысады болашақта.
Ал, егер баланы әдейілеп оңдырмай сабап жатса басқа жағдай. Мұндай кезде кім болмасын жазаға тартылу керек дейді Айжан. Психологтар да депуттардың баланы өз әке-шешісінен қорғап жатқанына аң таң. Мамандар бұл керісінше жағдайды ушықтырмаса, оңалтатынына күмәнмен қарайды.
Елена Лосева, психолог:
-Балаға ұрсып, қол көтергендерді қалай жазаға тартамыз. Отбасылық тәрбиеге араласа алмаймыз ғой. Бұл мәселеге басқаша келу керек. Тереңінен зерттеу қажет. Жұртты айыппұл, түрмемен қорқытудың қажеті жоқ.
Балиеваның ұсынысы осылай басталмай жатып үлкен дау тудырып жатыр. Яғни, ата-аналар туған ұл-қызына қолын тигізгені үшін жауапқа тартылғысы келмейді. Оның үстіне жазаның қандай болары да белгісіз. Алайда іске белсене кіріскен балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен бастамасының Мәжілістен қолдау табарына сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!