Павлодарда кәріз жүйесінің коллекторында болған апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды
Қазір соның салдарынан шаһардағы сегіз жүзге жуық үй сусыз отыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
23.11.2016
Апатқа диаметрі 1 жарым метр кәріз құбырының бітеліп қалуы себеп болған. Осының кесірінен көппәтерлі 11 тұрғын үй, бір мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандар судан ажыратылды. Қазіргі таңда осы аудан тұрғындарына ауыз су тасып жеткізілуде. Ал оқиға орнында 8 техника мен жиырмаға жуық адам жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, апаттың себебін тексеру үшін комиссия құрылған. Ал кәріз жүйесіндегі орталық коллектор осыдан 45 жыл бұрын іске қосылыпты. Мамандар мұндай инженердік жүйе әдетте 25 жылдан кейін тозып, қолданыстан шығарылуы тиіс деп отыр.
Ризабек Әшірбеков, Павлодар қалалық әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің жетекшісі:
– Бүгін арнайы комиссияның шешімімен шаһарда төтенше жағдай жарияланды. Қайта апаттың алдын алып үлгердік. Әйтпесе, соңы өкінішті жағдайға ұрындырар еді. Қателеспессем, бұл – қырық жыл бұрын пайдалануға берілген ескі коллектор.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!