Қарағанды облысында жұрт 40 градустық аязда жылусыз қалды
Қарағанды облысының Атасу кентінде 42 отбасы сақырлаған сары аязда жылусыз отыр. Өйткені аудан орталығындағы көпқабатты 5 үйге қазандықтан құбыр тарту жұмыстары созылып кеткен. Өткен күндері қысқан 40 градустық аязда көбі тамыр-таныстың босағасын сағалап кетсе, барар жері жоқтар қат-қабат киіммен үйлерінде бүрсеңдеуде. Ал аудан басшылығы тендердің тексерістерге байланысты 3 рет кейінге шегерілуі салдарынан жұмыстың кешеуілдегенін мойындады.
Автор: Саят Сабдалы
24.11.2016
Райхан Қасымованың үйінде күзден бері тоңазытқыш іске қосылмаған. Электр пеші де жоқ, артық ақшасы дәріден артылмайтын мүгедек ананың пәтерінен дала жылылау. Бұған әкімдіктің орталық жылу жүйесіне қосамыз деп тұрғындарды жылусыз қалдырғаны себеп.
Дулат Матин, Атасу кентінің тұрғыны:
-Көмір алған жоқпыз ғой. Әкім он күнде болады деп еді. Өтірік боп шықты.
Қарияға уәде етілген 10 күн 2 айға созылыпты. Орталық жылуға қосамыз деген соң бұрын пайдаланған орам пештерін тұрғындардың бәрі бұзып тастаған. Алайда жылу құбырларын жүргізіп, дайындалған жұрттың үміті ақталмады. Енді, міне, жан шыдатпас суықта тұрғындардың көбі туыс, таныстарын сағалап кеткен. Ал барар жері жоқтар өлместің күнін кешуде.
Жанат Иманмұсаева, Атасу кентінің тұрғыны:
-Дүкенге барып жылынамыз, болмаса от жаққан үйлерге барамыз. Киіммен жатып жүрміз.
Аудан шенділері құбыр тарту жұмыстарының кешеуілдеуіне өздерін кінәлі санамайды. Барлық кілтипан жаздың басынан бері тендерге түскен компанияардың қырық пышақ болуында екен. Мердігерлер тапсырысқа таласып бірінің үстіне бір арыз жазғандықтан, тендер 3 қайтара өтіпті. Сөйтіп жүргенде қылышын сүйретіп қыс та келген.
Жанкелді Бөгенбаев, Жаңарқа аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
-Қаржы басқармасы тексерді бірнеше рет. Арыз болса қайтадан тексереді. Электрондық конкурс деген проблема боп тұр. Бұл жерде адамның қатысы жоқ. Мердігерлердің де өтірігі көп.
Ақырында, жұмысқа 27 миллион теңгенің тендерін ұтқан соңғы мердігер кіріскен. Тұрғындардың есін алған аязда бұлар да жанталасып, тапсырысты мерзімінен бұрын аяқтауға күш салып жатыр екен.
Тұрғын үйлерден тартылған құбыр мына жылу қазандығына келіп қосылады. Құбырдың ұзындығы 620 метр. Шенеуніктер бірінші қазанда басталған бұл жұмыстар 3 күннен кейін аяқталып, тұрғындар жылуға қарық болады деп ант-су ішіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!