Оралда мүгедек әйел үш баласымен өлместің күйін кешіп жүр
Өз баспанасы жоқ отбасы бір бөлмелі пәтер жалдау үшін тамағы мен дәрі-дәрмектен жырымдап аз ғана зейнетақыны үнемдеуге мәжбүр. Шықпа жаным шықпамен отырған зағип Эльмира Жантөрина тым болмағанда тоңып, мектепке бара алмай отырған балаларына жылы күртеше мен кітап-дәптер алып бере алмай жүргенін айтады.
Автор: Бек Әбиев
25.11.2016
Туғаннан көзі нашар көретін Эльмира балаларымен бір бөлмеде бүрсең қағып, тұрмыс тауқыметін тартып жүргеніне осымен екі жыл. Күйеуі түрмеге түскелі бері бірінші топтағы мүгедек әйел үш ұлымен өлместің күйін кешіп, ас-суға да жарымай келеді. Қашан тойып ас ішкені есінде жоқ әйел ұялса да, тілшілерге тоңазытқыштағы соңғы азық-түлігін көрсетті.
Жұмысқа шыққысы келіп талай талпынған әйелді мүгедексің деп ешкім жолатпапты. Сондықтан 43 мың теңге зейнетақыға телміруге мәжбүр отбасы 25 мыңын пәтерге берсе, қалғанын азығына үнемдейді. Суық бөлме ішінде жиі ауыратын болған соң дәріге де шашыламыз деп налиды. 9 жасар егіз ұлы мен олардан бір жас кіші баласына киім алып беру тек арман ғана.
Эльмира Жантөрина:
-Тірнектеп жинаймын жүз теңгелеп болсын. Бірнеше айда біреуіне ғана бір киім алып беремін. Амал жоқ. Аз ғана дүниені жеткізу қиын ғой. Негізінен, зейнетақы алған кезде бірден азық-түлік алып қоюға тырысамыз. Оның өзі ай соңына дейін жетпейді.
Күн суытқалы ашқұрсақ ұлдарының мектепке де жиі бара алмайтынын айтып налыған әйел, амалсыздан жұрттан көмек сұрайды. Бар тілегі – жиі ауыратын балаларына жылы күртеше алып беру.
-Мына күртешені жанашыр бейтаныс адам берді. Тағы екі ұлымды жылы киіндірсем деймін. Әйтпесе, мектепке жіберуге де қорқамын үсіп қала ма деп.
Тұрмыс тауқыметін кішкентайынан тартқан балақайларға ойыншық тұрмақ, дәптер мен кітап та жетіспейді. Он жыл бойы пәтер кезегінде тұрған 34 жастағы келіншек мұңын айтып талай есікті тоздырыпты. Алайда атқамінерлердің бар көмегі осы айда бір жолғы берілген 6 мың теңгесі ғана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!