Алматыда жер дауы қайта өршіді
Бүгін жер даулаған бір топ тұрғын, Алматы әкімдігің алдына жиналып, жанайқайларын жоғары жаққа жеткізуге тырысты. Қала іргесіндегі Шұғыла ауылынан келгендер пай үлесі ретінде алған учаскелеріне аттап баса алмай жүр екен. Өйткені, елді-мекен қала аумағына кірген кезде, құны көтерілген жердің де жаңа қожайыны табылыпты. Қос тарап 153 гектар аумақ үшін талайдан бері соттасумен жүр. Тіпті жуырда халықтың пайдасына шешім де шыққан. Бірақ, оның орынталатын түрі жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.11.2016
-Даудың басы ат шаптырым аумақты алып жатқан мына жер. 153 гектар аумақ қалаға өткелі кенеттен жаңа иелері пайда болыпты. Содан бері тұрғындардан әбден маза қашқан.
Гүлсім Үмбетбаева, Шұғыла ауылының тұрғыны:
- «Ақ бата» деген компания кейіннен шықты. 2014-те осы жерді тартып алды. Ол «Ақ батаның» кім екенін де білмейміз, қайдан пайда болғанын білмейміз. Сол жерді алды да қоршап, иеленіп алды.
Негізі, бұл жер телімі кезінде тұрғындарға пай үлесі ретінде беріліпті. Содан бері, жұрт оны жеке-жеке аттарына рәсімдемеген. Қолдарында тек жалпыға ортақ акт қана бар.
Нұрғайша Атақанова, Шұғыла ауылының тұрғыны:
-Ең болмаса бізге тышқақ бұзау берген жоқ . Сол бұзау алмағаннан кейін біздің пайымызға, еңбегімізге әрқайсымызға 10 сотықтан жер берген.
Ауыл қалаға кірген соң төбе көрсеткен қожайындармен жұрт жылдар бойы соттасып келеді. Ал жуырда ғана Наурызбай ауданының соты қарашаның пайдасына шешім шығарған.
Мұратбек Есенғазы, Шұғыла ауылының тұрғыны:
-Наурызбай ауданы оң шешім шығарып берген өткен жолы. Халыққа қайтарылсын бұл жерлер. Сот шешімі ертең енеді. Ертең соңғы күн.
Бірақ, қарсы тарап қараша халық түгілі, сот шешіміне де құлақ асар емес. Яғни, аумаққа жағалай күзетші қойып, ешкімді аттап бастырмай отыр. Сондықтан, шұғылалықтар бүгін қала әкімінен араша сұрай барған. Бірақ, жан айқайын айтқан халыққа мұндағылар да тұщымды жауап бере алмады.
Алтынбек Ахметов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы:
-Соттың шешімі күшіне әлі енген жоқ. Дегенмен, ешқандай да бір жер беру туралы немесе бермеу туралы сұрақтар туындау әлі ерте.
Шенеуніктер мен жерін даулаған халық дүйсенбіде кездесуге уағдаласып тарқасты. Бұрынғы кеңшар қызметкерлері енді әкімдіктен де көмек болмаса, өз жерімізге өзіміз баса-көктеп кіреміз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!