Алматыда қарға көміліп қалған жұрт наразылық білдірді
Бір аптадай бұрын жауған қалың қар алматылықтарды әлі де әбігерге салуда. Себебі, қаланың кей аудандарында көшелер тіпті тазаланбаған. Сондықтан тұрғындар тау болып үйілген ақ ұлпаны өз күштерімен шығаруға мәжбүр. Алайда атқамінерлер тазалау жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын алға тартты. Яғни жүздеген техника мен жұмысшылар екі ауысыммен дамылсыз жұмыс істеп жатыр дейді шенеуніктер.
Автор: Диас Нұрақын
25.11.2016
Өткен аптаның соңында қалың боп жауған қар Алматының көлік қозғалысын әлі қиындатып тұр. Себебі кей көшелерге техника табаны мүлдем тимеген. Мәселен Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарындағы ішкі жолдар мен тротуарлар сол күйі аршылмапты. Сондықтан тұрғындар тау болып үйілген қарды шама-шарқы жеткенше өздері тазалап жатыр.
Оксана Пилоян Алматы қаласының тұрғыны:
-Өз қалтамнан қаржы шығындап адам жалдадым. Екі «Камаз» қар шығаруға 70 мың теңгем кетті. Әлі де үйіліп жатыр. Әкімдік пен коммуналдық қызметтер өз міндеттерін неліктен орындамайды?
Алайда атқамінерлер қалада қардан тазартылмаған көше қалмады дейді. Яғни бір аптадан бері 700-ге тарта техника мен 800 жұмысшы күні- түні екі ауысыммен қар күреп жатыр екен. Тіпті тас жолдарға 13 мың тонна құм араласқан тұз төгіліпті. Сондықтан коммуналдық қызметтер жоспарға сай жұмыс істеуде деп жайбарақат отыр шенеуніктер.
Дәурен Нұрдәулетов,Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
-Бір апта көлемінде қаланың барлық көшелері қардан тазаланды. Магистралдық көше бойларынан қар шығарылады. Қазіргі таңда осы айдың 27-не дейін аталған магистральдардан қар шығарылады.
Ал көлік нөпірі аз көшелердегі қарды қала сыртына шығару құзырымызға кірмейді дейді атқамінерлер. Себебі, оған бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Алматының айналасында арнайы қар төгетін дәл осындай бес полигон бар екен. Бұл жерге соңғы бір аптаның өзінде қала аумағынан шамамен 140 мың текше метр қар шығарылған. Алайда қыс дәл осындай қаһарлы болатын болса, бұл полигон бір айдың ішінде толып қалуы мүмкін. Сондықтан атқамінерлер қазірдің өзінде қала шетінен бос жерлерді іздеп, қар төгетін қосымша орындар дайындап жатыр. Ал алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қала билігі арнайы қар ерітетін станция салуды жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!